2. Сақтандыру ұйымы мен дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу сақтандыру ұйымының интернет-ресурсын және (немесе) ақпараттық жүйесін дерекқормен интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, сақтандыру ұйымының және тиісті келісім негізінде сақтандыру ұйымының әріптестері болып табылатын басқа да ұйымдардың интернет-ресурстары арқылы жүзеге асырылады.
Сақтандыру ұйымы әріптестерінің электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында сақтандыру ұйымының электрондық нысанда сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу үшін пайдаланылатын интернет-ресурсына сілтеме орналастырылады.
3. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым мен сақтандырушы, сақтандырушы мен сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
4. Сақтандыру ұйымы осы баптың 1-тармағына және 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес сақтандырушының интернет-ресурсын және (немесе) басқа ұйымдардың интернет-ресурстарын пайдаланған кезде:
1) сақтанушыға сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы электрондық хабар түрінде хабарламаның дереу жөнелтілуін;
2) сақтанушыны (сақтандырылушыны) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, сақтандыру жағдайын реттеу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартуды (бас тарту себептерін көрсете отырып) қоса алғанда, реттеу процесінің негізгі кезеңдері туралы электрондық хабар түрінде хабардар етуді;
3) сақтанушының (сақтандырылушының) жасалған сақтандыру шарты жөніндегі ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
4) сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
5) сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) үшін сақтандыру ұйымының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, сақтандыру шартының электрондық нысанда және сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпараттың сақталуын;
6) сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының):
сақтандыру шартын жасасуға және өзгертуге;
сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға;
сақтандыру жағдайының (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиғаның) басталғаны туралы хабардар етуге;
келтірілген зиян мөлшерін айқындауға;
сақтандыру төлемін алуға;
осы Заңның 86-бабының 1-тармағында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сақтандыру омбудсманына келіспеушіліктердің бар екендігі туралы ақпарат жіберу үшін сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеуге қажетті ақпаратты (өтінішті, хабарламаны және (немесе) өзге де құжаттарды, мәліметтерді) электрондық нысанда жасау және сақтандыру ұйымына жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу туралы хабарлама уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі;
7) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес дербес деректерді жинау мен өңдеуді жүзеге асыру кезінде дербес деректерді қорғауды;
8) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен сақтандыру шартының қолданылу мерзімінің өтуі туралы сақтанушыны (сақтандырылушыны) алдын ала хабардар етуді қамтамасыз етеді.
5. Сақтандыру шарты электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалған кезде, егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысы бөліп төленген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен бастап сақтандыру шарты жасалды деп есептеледі.
6. Сақтандыру шарты электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалған кезде сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысы бөліп төленген жағдайда, бірінші сақтандыру жарнасын) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сақтандырудың үлгілік шарттарымен не сақтандыру қағидаларымен танысқаннан кейін төлейді, осы арқылы сақтандыру шартын өзіне ұсынылған шарттармен жасасуға келісетінін растайды.
7. Міндетті сақтандыру шарттарын жасасу кезінде сақтандыру агенттерінің қызметіне жол берілмейді.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 16-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
16-бап. Сақтанушыларға ақпарат беру бойынша сақтандыру ұйымына, сақтандыру брокеріне, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға, дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға, сақтандыру омбудсманына қойылатын талаптар
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың), сақтандыру шартын жасасуға ниет білдірген адамдардың назарына өз қызметі туралы ақпаратты жеткізу мақсатында сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерінің, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның, сақтандыру омбудсманының интернет-ресурсы болуға тиіс.
2. Сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы ұйымның, оның ішінде филиалдары мен өкілдіктерінің толық атауы, мекенжайы (тұрған жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;
2) акционерлер туралы мәліметтер;
3) басшы қызметкерлер туралы мәліметтер;
2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) бизнес-сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтер;
5) лицензияның нөмірі, берілген күні туралы мәліметтер;
6) жүзеге асырылатын қызмет түрлері туралы мәліметтер;
7) аудиторлық ұйым растаған, алдыңғы есептік үш жылға жылдық қаржылық есептілік (болған кезде);
8) аудиторлық ұйым растаған, алдыңғы есептік үш жылға жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілік (болған кезде);
9) алдыңғы есептік үш жылдағы қызмет қорытындылары туралы есептер (болған кезде);
10) қауымдастықтарға (одақтарға), оның ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің бірлестігіне қатысу туралы мәліметтер (болған кезде);
11) сақтандыру ұйымына рейтингтік агенттіктер берген рейтингтер (берген жағдайда);
12) құрылған сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдары туралы мәліметтер (сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметінде жетекші болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы үшін);
13) олар бойынша олардың алдыңғы редакцияларын, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды көру мүмкіндігімен сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу мүмкіндігі көзделетін, ерікті нысандағы сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қағидалары;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру тарифтерінің (сақтандыру сыйлықақыларының, жарналарының) мөлшерлері туралы ақпарат; Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру сыныптары (түрлері) бойынша сақтандыру тарифтерін бағалау әдістеріне және есептеу қағидаттарына қойылатын талаптар жөніндегі нұсқаулық уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
15) сақтандыру ұйымы бекіткен сақтандыру сыныптары (түрлері) бойынша сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақысының ең төмен және ең жоғары мөлшерлері туралы ақпарат орналастырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының интернет-ресурсында мынадай ақпарат орналастырылады:
1) толық атауы, мекенжайы (орналасқан жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;
2) есептік тіркеу және бизнес-сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтер;
3) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымы туралы ақпарат, оның интернет-ресурсы;
4) өткен есепті үш жыл үшін аудиторлық ұйым растаған, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігі, ал еншілес ұйым (ұйымдар) болмаған жағдайда - Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шоғырландырылмаған қаржылық есептілігі;
5) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша өткен есепті үш жыл үшін жылдық есептілігі (бар болса);
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) осы баптың 2-тармағының 3), 5), 6), 9), 10), 11), 12), 13), 14) және 15) тармақшаларында көрсетілген ақпарат.
3. Сақтандыру брокерінің интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы баптың 2-тармағының 1), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген ақпарат;
2) акционерлер (қатысушылар) туралы мәліметтер;
3) шарттың нөмірі мен жасалған күнін, сақтандырушының атауын, сақтандыру объектісін және шартты жасасу нысанасы болып табылатын тәуекелдер тізбесін, оның қолданылу кезеңін және шарт бойынша сақтандыру сомасын қоса алғанда, сақтандыру брокерінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың қолданыстағы шарты туралы мәліметтер орналастырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының интернет-ресурсында мынадай ақпарат орналастырылады:
1) толық атауы, мекенжайы (орналасқан жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;
2) есептік тіркеу және бизнес-сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтер;
3) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері туралы ақпарат, оның интернет-ресурсы;
4) өткен есепті үш жыл үшін аудиторлық ұйым растаған, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігі, ал еншілес ұйым (ұйымдар) болмаған жағдайда - Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) брокерінің шоғырландырылмаған қаржылық есептілігі;
5) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) брокері филиалының бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша өткен есепті үш жыл үшін жылдық есептілігі (бар болса);
6) осы баптың 2-тармағының 3), 5), 6), 9) және 10) тармақшаларында, 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген ақпарат.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы баптың 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 6), 7), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген ақпарат;
2) қатысушы - сақтандыру ұйымдары туралы мәліметтер орналастырылады;
5. Сақтандыру омбудсманының интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы баптың 2-тармағының 6), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген ақпарат;
2) сақтандыру омбудсманы офисінің, оның ішінде оның филиалдары мен өкілдіктерінің толық атауы, мекенжайы (тұрған жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;
3) сақтандыру омбудсманын сайлау туралы мәліметтер;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сақтандыру омбудсманының өкілдер кеңесінің құрамына кіретін сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының тізбесі;
5) сақтандыру омбудсманының қызметін, оның ішінде дауларды шешу жөніндегі өтініштерді қарау және шешімдер қабылдау тәртібі мен мерзімдерін регламенттейтін ішкі қағидалар, сондай-ақ сақтандыру нарығының қатысушыларымен жасалған меморандумдар орналастырылады.
6. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында мынадай ақпарат:
1) осы баптың 2-тармағының 1), 4), 6), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген ақпарат;
2) басшылар туралы мәліметтер;
3) акционерлер (қатысушылар) туралы мәліметтер орналастырылады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерінің, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, сақтандыру омбудсманының, дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында ақпарат орналастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
8. Сақтандыру ұйымы, сақтандыру брокері өзінің тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері өзгерген, атауы өзгерген жағдайда, бұл туралы сақтанушыларға қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын екі мерзімді баспасөз басылымдарында бір ай мерзімнен кешіктірмей және сақтандырушының интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде хабарландыру жариялау арқылы хабар беруге міндетті.
Сақтандыру ұйымы, сақтандыру брокері өзінің оқшауланған бөлімшесінің орналасқан жері өзгерген жағдайда, бұл туралы өзінің сақтанушыларына қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын екі мерзімді баспасөз басылымдарында бір ай мерзімнен кешіктірмей және өзінің интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде хабарландыру жариялау арқылы хабар беруге міндетті.
9. Сақтанушы исламдық сақтандыру шартын жасасқан кезде ислам сақтандыру ұйымынан исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің сақтандыру қағидаларының осы Заңның 6-1-тарауында көрсетілген талаптарға сәйкестігін растайтын қорытындысын сұратуға құқылы.
4-тарау. Сақтандыру делдалдығы
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бап. Сақтандыру брокерін құру
1. Сақтандыру брокерінің ұйымдық-құқықтық нысаны жауапкершілігі шектеулі серіктестік не акционерлік қоғам болып табылады.
2. Сақтандыру брокерінің атауы «сақтандыру брокері» деген сөздерден немесе осы сөздерден туындайтын сөздерден құралуға тиіс.
3. Сақтандыру брокеріне өз атауында «ұлттық», «орталық», «бюджеттік», «республикалық» деген сөздерді пайдалануға тыйым салынады.
4. Бұрын құрылған сақтандыру брокерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру брокерлерінің атауларымен аралас дәрежеге дейінгі бірегей немесе ұқсас белгілерді атауы ретінде пайдалануға жол берілмейді. Осы тыйым салу еншілес сақтандыру брокері өзінің бас ұйымының атауын пайдаланған жағдайда қолданылмайды.
5. Сақтандыру брокерін мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалын ашуға рұқсат етіледі.
7. 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-2-баппен толықтырылды; 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 16-2-бап жаңа редакцияда (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 16-2-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
16-2-бап. Сақтандыру брокерінің құрылтайшыларына (қатысушыларына, акционерлеріне) қойылатын талаптар
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының немесе оның қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалы қызметкерлерінің сақтандыру брокерін құруға немесе оның қызметіне, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалын ашуға немесе оның қызметіне қатысуына тыйым салынады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары мен қызметкерлері, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының қызметкерлері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында лауазымдарды атқара алмайды немесе сақтандыру агенті қызметін жүзеге асыра алмайды.
2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Терроризмді жəне экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне жəне (немесе) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген жеке жəне заңды тұлғалар «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тəртіппен сақтандыру брокерінің құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлері) бола алмайды.
2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген сақтандыру брокерінің қатысушысы (акционері) терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне жəне (немесе) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген жағдайда, уəкілетті орган осы қатысушыға (акционерге) оның сақтандыру брокерінің жарғылық капиталына (акцияларына) қатысу үлесін иеліктен шығару туралы талап жібереді.
Сақтандыру брокерінің қатысушысы (акционері) сақтандыру брокерінің жарғылық капиталына (акцияларына) оның қатысу үлесін иеліктен шығару туралы талапты алған күннен бастап алты ай ішінде оны орындауға жəне растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, бұл туралы уəкілетті органды хабардар етуге міндетті.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-3-баппен толықтырылды
16-3-бап. Сақтандыру брокерінің жарғылық капиталын қалыптастыру
1. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары, қатысушылары не акционерлері сатып алынатын қатысу үлестерін не акцияларды ұлттық валютадағы ақшамен ғана төлеуге міндетті.
2. Құрылатын сақтандыру брокерінің жарғылық капиталының ең аз мөлшерін оның құрылтайшылары оны мемлекеттік тіркеу сәтіне дейін толық төлеуге тиіс.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сақтандыру брокерінің жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшеріне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 16-4-баппен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
16-4-бап. Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалын ашу
1. Қазақстан Республикасы бейрезиденті-сақтандыру брокерінің филиалын ашуға рұқсат беру туралы қазақ немесе орыс тіліндегі өтініш уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша мынадай құжаттармен қоса беріледі:
1) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің Қазақстан Республикасының аумағында филиал ашу туралы шешімі;
2) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы туралы ереженің жобасы;
3) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің құрылтай құжаттарының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған) көшірмелері;
4) уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері туралы мәліметтер, оның ішінде аяқталған соңғы екі қаржы жылы үшін аудиторлық ұйым растаған қаржылық есептілік (бар болса шоғырландырылған есептілікті қоса алғанда);
5) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының ұйымдық құрылымы және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтер;
6) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкерлерінің лауазымдарына ұсынылатын адамдардың құжаттары;
7) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиал ашуына қарсылығының жоқ екендігі туралы жазбаша хабарламасы не Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасы бойынша мұндай рұқсаттың талап етілмейтіні туралы мәлімдемесі;
8) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінде сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына қолданыстағы лицензиясының бар екені туралы жазбаша растамасы;
9) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің өтініш ұсынудың алдындағы екі жыл ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыруды реттейтін заңнамасының талаптарын бұзбағаны туралы жазбаша растамасы;
10) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің уәкілетті органының Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің құрылтайшысында (құрылтайшыларында) экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша сотталғандығының жоқтығы туралы, сондай-ақ құрылтайшының (құрылтайшылардың) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерін заңнамада белгіленген тәртіппен лицензиядан айырған, оны мәжбүрлеп тарату, акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім қабылданған кезден бастап бір жылдан аспайтын кезеңде Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің не Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері мемлекетінің өзге қаржы ұйымының басшы қызметкері ретінде қызметті жүзеге асырмағаны туралы жазбаша растамасы. Көрсетілген талап Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерін лицензиядан айырғаннан, оны мәжбүрлеп тарату, акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім қабылданған күннен кейін бес жыл бойы қолданылады;
11) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің қолданыстағы лицензиясының көшірмесі;
12) «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабында көзделген, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалын есептік тіркеу құжаттары;
13) «электрондық үкімет» төлем шлюзі арқылы ақы төлеу жағдайларын қоспағанда, сақтандыру брокері қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны бергені үшін алым төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі.