Кедендік шекарадағы өткізу пункттерінде және тауарларды жеткізу орындарында тауарларды кедендік декларациялау, кедендік тазарту, шығару және кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтауға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 976, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 345, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 11 қыркүйектегі № 565 және Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 5 бірлескен бұйрығы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 1008 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарының 11-тармағын орындау мақсатында және «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Кедендік шекарадағы өткізу пункттерінде және тауарларды жеткізу орындарында тауарларды кедендік декларациялау, кедендік тазарту, шығару және кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтауға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті мен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көлік комитеті осы бірлескен бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.