Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына және ондағы тетрагидроканнабинолдың жол берілетін құрамын айқындауға қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 797 Қаулысы
«Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Заңды тұлғалардың есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруіне рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігіндегі тетрагидроканнабинолдың (ТГК) құрғақ массадағы жол берілетін құрамы 0,3 %-ға дейінгі мөлшерде айқындалсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.