Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2026 жылғы 8 қазандағы
№ 355 бұйрығына 4 - қосымша
«Бұршақ және майлы дақылдарды өсіру»
кәсіптік стандарты
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Бұршақ және майлы дақылдарды өсіру» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген.
Кәсіптік стандарт жұмыскерлердің кәсіптік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруы, оның ішінде белгілі бір еңбек функцияларын орындауы үшін қажетті, сондай-ақ жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуде біліктілік деңгейлерін айқындауға арналған.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) бұршақ тұқымдас дәнді дақылдар - ақуызға бай азық-түліктік және мал азықтық дән алу мақсатында өсірілетін бұршақ тұқымдасына жататын ауыл шаруашылығы дақылдары (асбұршақ, үрме бұршақ, соя, ноқат, жасымық, сиыржоңышқа және басқалар);
2) майлы дақылдар - өсімдік майын және майлы тұқым алу үшін өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдары (күнбағыс, рапс, майлы зығыр, соя, қыша, мақсары және басқалар);
3) тұқымның жинаудан кейінгі пісіп-жетілуі - жаңадан жиналған тұқымдарда жүретін, олардың физиологиялық жетілуін және жоғары егістік сапасының қалыптасуын қамтамасыз ететін биохимиялық процесс;
4) егіс - біркелкі көктеуді және өнім қалыптастыруды қамтамасыз ету үшін тұқымдарды белгіленген себу мөлшерін, тереңдігін және себу тәсілін сақтай отырып топыраққа орналастыру;
5) өсімдіктердің даму кезеңдері - тұқымның өнуінен бастап өнімнің толық пісіп-жетілуіне дейінгі өсімдіктің өсуі мен дамуының бірізді кезеңдері;
6) көктеу - топырақ бетіне өскіндердің шығуымен сипатталатын өсімдік дамуының кезеңі;
7) түптену - өсімдіктің жер асты сабақ буындарынан жанама өркендердің түзіліп, қосалқы тамыр жүйесінің дамуымен қатар жүретін процесс;