Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік 2001 жылғы 13 желтоқсан № 18 қаулысы
(2008.22.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 Нормативтік қаулысымен күші жойылды
Соттардың лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы заңнаманы дұрыс қолдануы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуді, қоғамның мемлекетке, оның институттарына деген сенімін нығайтуды, соттар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тікелей қатысатын құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар туралы қылмыстық істерді қараудың практикасын талқылай келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы республика соттарының аталған санаттағы істерді негізінен дұрыс шешіп келе жатқанын және кінәлі адамдарға әділ жаза тағайындап отырғанын атап көрсетеді.
Сонымен қатар, соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жасаған адамдардың іс-әрекеттерін заң тұрғысынан дәрежелеуде елеулі қателіктерге жол беріп отыр, оның субъектілерін анықтауда бірыңғай практика жоқ, заңның кінәлі адамдарға жазаның түрі мен мөлшерін тағайындауда қатаң жеке-дара тұрғыдан қарау керектігі туралы талабы барлық істер бойынша сақтала бермейді.
Соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды әрдайым терең әрі жан-жақтылы анықтап отырмайды, қажет болған жағдайларда жеке қаулылар шығармайды.
Орын алған кемшіліктерді жою және аталған санаттағы істер бойынша сот қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді: