- халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге кiруге;
- Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқылы.
Қоғамдық бiрлестiк:
- Қазақстан Республикасының заңдарын, сондай-ақ жарғыда көзделген нормаларды сақтауға;
- өз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен және шешiмдермен олардың танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;
- ақша қаражатының келiп түсуi мен жұмсалуы туралы өз мүшелерiн хабардар етуге;
- тұрақты жұмыс iстейтiн басшы орган орналасқан жердiң және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзiлетiн мәлiметтер көлемiнде басшылар туралы деректердiң өзгергенi туралы тiркеушi органға хабарлап отыруға мiндеттi.
20-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң кәсiпкерлiк қызметi
Қоғамдық бiрлестiктер жарғылық мақсаттарға қол жеткiзетiндей кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыра алады. Кәсiпкерлiк қызметтi қоғамдық бiрлестiктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Қоғамдық бiрлестiктердiң кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын табысқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.
Қоғамдық бiрлестiктердiң кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын табысты қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi (қатысушылары) арасында қайта бөлуге болмайды және ол жарғылық мақсаттарға жету үшiн пайдаланылуға тиiс. Қоғамдық бiрлестiктердiң өз қаражатын қайрылымдылық мақсаттарға пайдалануына жол берiледi.
2016.09.04. № 496-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң меншiгi
Қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында көзделген қызметтi материалдық жағынан қамтамасыз ету үшiн қажеттi объектiлер оның меншiгi болып табылады, бұған Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған объектiлер қосылмайды.
Қоғамдық бірлестіктің мүлкі, егер кіру жарналары мен мүшелік жарналарды төлеу жарғыда көзделген болса, кіру жарналары мен мүшелік жарналардан, ерікті жарналар мен қайырмалдықтардан, жарғыға сәйкес лекциялар, көрмелер, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуден түскен түсімдерден, өндірістік және өзге де шаруашылық қызметтен алынған кірістерден және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да кірістерден қалыптасады.
Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің (қатысушыларының) осы бірлестіктерге өздері берген мүлікке, оның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары болмайды. Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, олар өздері мүшелері (қатысушылары) ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктердің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал аталған бірлестіктер өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
Қоғамдық бiрлестiктердiң меншiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.
4-тарау. ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫ бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiп бойынша жауап беруге әкеп соқтырады.
Қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзғандық үшiн бұған кiнәлi заңды және жеке тұлғалар, соның iшiнде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және қоғамдық бiрлестiктердiң басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауапты болады.
ҚР 2005.23.02. № 33-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2020.25.05. № 334-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара) 23-бап өзгертілді
23-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру
Қоғамдық бiрлестiктiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары бұзылған немесе қоғамдық бiрлестiк өз жарғысында белгiленген мақсаттар мен мiндеттер шегiнен шығатын әрекеттерi бiрнеше рет жасаған жағдайларда прокуратура, iшкi iстер органдарының ұсынулары, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері немесе азаматтардың арыздары негiзіндегі сот шешiмi бойынша үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Қоғамдық бірлестіктің қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда оған барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгіт пен насихат жүргізуге, бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Қоғамдық бірлестіктің банктік салымдарды пайдалану құқығы да тоқтатыла тұрады, бұған еңбек шарттары, қызметінің нәтижесінде келтірілген залалдардың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу бойынша есеп айырысулар кірмейді.
Егер қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн тоқтата тұруға негiз болған тәртiп бұзушылықты қызметi тоқтатыла тұратын болып белгiленген мерзiм iшiнде жойса, аталған мерзiм аяқталған соң қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн қайта бастайды. Қоғамдық бiрлестiк Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын жоймаған жағдайда, не оларды қайталап бұзған жағдайда прокуратура, ішкi iстер органдары, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, азаматтар сотқа оны тарату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.
24-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктерi өздерiнiң жарғыларына сәйкес халықаралық байланыстар орнатып, тиiстi келісімдер жасасуы, дiни бiрлестiктерден басқа халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге ұжымдық мүшелер ретiнде кiруi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктерi жалпы жұрт таныған принциптер мен халықаралық құқық нормалары, халықаралық шарттар мен тиiстi мемлекеттердiң заңдары негiзiнде шет мемлекеттерде өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құра алады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
1996 жылғы 31 мамырдағы № 3-I