Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (Жалпы бөлім) (2026.20.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

4. Сенімхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенімхат бойынша басқа адамға өкiлеттiк беру де (сенім ауысуы) күшiн жояды.

 

6-тарау. Мерзімдерді есептеу

 

172-бап. Мерзiм белгiлеу

1. Заңдармен, мәмiлемен белгiленген не сот тағайындайтын мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе сөзсiз болуға тиiстi оқиға көрсетiлiп белгiленедi.

2. Мерзiм жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.

 

173-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң басталуы

Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң өтуi күнтiзбелiк күннен немесе мерзiмнiң басталуы белгiленген оқиға болғаннан кейiнгi келесi күннен басталады.

 

174-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң аяқталуы

1. Жылдармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде бiтедi.

Жарты жылмен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады.

2. Жыл тоқсандарымен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады. Бұл орайда бiр тоқсан үш айға тең деп есептеледi, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргiзiледi.

3. Айлармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде бiтедi.

Жарты аймен белгiленетiн мерзiм күндермен есептелетiн мерзiм ретiнде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледi.

Егер айлармен есептелетiн мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, мерзiм сол айдың соңғы күнiнде бiтедi.

4. Апталармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде бiтедi.

 

175-бап. Мерзiмнiң жұмыс iстемейтiн күнде аяқталуы

Егер мерзiмнiң соңғы күнi жұмыс iстемейтiн күнге тура келсе содан кейiнгi ең таяу жұмыс күнi мерзiмнiң аяқталған күнi болып саналады.

 

176-бап. Мерзiмнiң соңғы күнiнде әрекет жасау тәртібі

1. Егер мерзiм қандай да бiр әрекет жасауға белгiленген болса, ол әрекет мерзiмнiң соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейiн орындалуы мүмкiн.

Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиiс болса, онда мерзiм осы ұйымда белгiленген ережелер бойынша тиiстi операциялар тоқтатылған сағатта бiтедi.

2. Мерзiмнiң соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейiн почтаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесiне тапсырылған жазбаша мәлiмдемелер мен хабарламалар мерзiмiнде жасалған болып саналады.

 

7-тарау. Талап мерзімі

 

177-бап. Талап қою ұғымы

1. Талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңi.

2. Талап қою мерзiмдерi және оларды есептеу тәртібі заңмен көзделедi және оларды тараптардың келiсуiмен өзгертуге болмайды.

 

178-бап. Талап қою мерзiмдерi

1. Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi.

2. Талаптардың жекелеген түрлерi үшiн заңдарда талап қоюдың жалпы мерзiммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.

3. Осы Кодекстiң 177, 179-186-баптарының ережелерi, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, талап қоюдың арнаулы мерзiмдерiне де қолданылады.

 

179-бап. Талап қоюдың қолданылуы

1. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады.

2. Талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады.

3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндiрiп алу, кепiлдiк берушiнiң жауапкершiлiгi және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi.

 

180-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуi

1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодексте және өзге де заңдарда белгіленеді.

2. Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады.

3. Орындалу мерзiмi белгiленбеген не талап ету кезiмен белгiленген мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi мiндеттеменi орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшiн жеңiлдiк мерзiмi берiлсе, талап мерзiмiн есептеу аталған мерзiм аяқталғаннан кейiн басталады (осы Кодекстiң 277-бабының 2-тармағы).

4. Регрестiк мiндеттемелер бойынша талап мерзiмiнiң өтуi негiзгi мiндеттеменi орындау кезiнен басталады.

 

181-бап. Мiндеттемедегi адамдар өзгерген кездегi талап қою мерзiмi

Мiндеттемедегi адамдардың өзгеруi талап қою мерзiмi мен оны есептеу тәртібін өзгертуге әкелiп соқтырмайды.

 

ҚР 19.06.97 ж. № 134-I Заңымен 182-бап өзгертiлдi

182-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұру

1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi:

1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтiн күш) кедергi жасаса;

2) мiндеттемелердiң бұл түрiн орындау Қазақстан Республикасы Президентінің жариялауымен кейiнге қалдырылуына байланысты (мораторий):

3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшiрiлген әскери бөлiмшелер құрамында болса;

4) егер әрекет қабiлеттiгi жоқ адамның заңды өкiлi болмаса;

2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5) тиiстi қатынасты реттейтiн заңнаманың қолданылуын тоқтата тұруға байланысты;

2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

6) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізу кезінде тоқтатыла тұрады.

Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.

2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.

3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.

 

2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 183-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

183-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуіндегі үзiлiс

1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.

2. Үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.

 

184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзiмiнiң өтуi

1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейiн басталған талап қою мерзiмi жалпы тәртiппен одан әрi жалғаса бередi.

2. Егер сот қылмыстық iсте қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейiн басталған талап қою мерзiмiнiң өтуi талапты қараусыз қалдырған үкiм заңды күшiне енгiзiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады. Мерзiмi тоқтатыла тұрған кездегi уақыт талап қою мерзiмiне есептелмейдi. Бұл орайда, егер мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айдан аз болса, ол алты айға дейiн ұзартылады.

 

185-бап. Талап қою мерзiмiн қалпына келтiру

1. Ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.

2. Белгiлi бiр iс бойынша сот шешiмiн орындаудан бас тартылуына байланысты заңдарға сәйкес талапкердiң тап сол iс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған ретте талап қою мерзiмi қалпына келтiрiледi және қайтадан өте бастайды.

 

186-бап. Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндеттердi атқару

Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндетiн атқарған борышқордың немесе өзге мiндеттi адамның тiптi сол мiндеттi атқарған кезiнде талап мерзiмiнiң өтiп кеткенiн бiлмесе де, аталған адамның өзi атқарған нәрсесiн қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 187-бап өзгертiлдi

187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар

Талап қою:

1) заңдарда көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;

2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;

3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;

4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;

5) заңдарда белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.

 

2 бөлім. Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар

 

2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

8-тарау. Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы жалпы ережелер

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 188-бап өзгертілді

188-бап. Меншiк құқығы ұғымы және оның мазмұны

1. Меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заңдар арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы.

Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi.

2. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.

Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету.

Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн.

Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзіндегі тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi.

3. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, өзi меншiк иесi болып қала отырып, оларға мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөніндегі өз өкiлеттiгiн тапсыруға, мүлiктi кепiлге беруге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық түсiруге, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы.

4. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Құқықтар мен заңды мүдделердi бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншiк иесiнiң өзiнiң монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрiнуi мүмкiн.

Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.

5. Меншiк құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.

6. Заңдарда көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдардың шектеулi түрде пайдалануына жол беруге мiндеттi.

 

189-бап. Мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығы

1. Меншiк иесi, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтередi және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайды.

2. Егер мүлiк заңды түрде үшiншi жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкiн күтiп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесi өтеуге тиiс.

Затты күтiмсiз және заңсыз ұстаған адамға мүлiктi күтiп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейдi (осы Кодекстiң 263-бабы).

 

190-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi

1. Иелiктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, сатып алушыда меншiк құқығы пайда болумен бiр мезгiлде соған көшедi.

2. Егер иелiктен айырушы адам заттарды беру мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi мерзiмiн өткiзiп жiберген тарап көтередi.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 191-бап өзгертiлдi

191-бап. Жеке меншiк ұғымы және оның түрлерi

1. Жеке меншiк азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi ретiнде көрiнедi.

2. Заңдарға сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесiлi бола алмайтын жекелеген мүлiк түрлерiнен басқа кез келген мүлiк жеке меншiкте болуы мүмкiн.

Жеке меншiкте болатын мүлiктiң саны мен құны шектелмейдi.

 

02.03.98 ж. № 211; 04.11.99 ж. № 472; 02.03.01 ж. № 162; 21.05.02 ж. № 323; 2005.18.05 № 50-III; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 192-бап өзгертiлдi; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 192-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

192-бап. Мемлекеттік меншiк құқығы

1. Мемлекеттік меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi.

2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертiлдi (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Республикалық меншiк мемлекеттік қазынадан және заңдарға сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітілiп берiлген мүлiктен тұрады.

Республикалық бюджеттiң қаражаты және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілiп берiлмеген өзге де мемлекеттік мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынасын құрайды.

3. Коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заңдарға сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілiп берiлген мүлiктен тұрады.

Жергiлiктi бюджет қаражаты және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілiп берiлмеген өзге де коммуналдық мүлiк жергiлiктi қазынаны құрайды.

2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3-1. Коммуналдық меншiк жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару деңгейлерi бойынша:

облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың;

аудандық (облыстық маңызы бар қала);

аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) болып бөлінеді.

4. Мемлекеттік меншiктегi мүлiк мемлекеттік заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен бекітілiп берiлуi мүмкiн.

5. Жекелеген мемлекеттік мекемелердің иелігіндегі мемлекеттік мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктері заңдарда белгіленеді.

2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 6-тармақтың редакциясын қараңыз

6. Мемлекеттік мүлiктi мемлекеттік меншiктiң бір түрiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

Коммуналдық меншiктегi мүлiктi жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың және өзін-өзі басқарудың бiр деңгейiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Осы баптың ережелері, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында өзгеше көзделмесе немесе азаматтық құқықтардың мәніне қайшы келмесе, меншік құқығынан басқа, тиісінше мемлекеттік мүлікке өзге де азаматтық құқықтарға қолданылады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңына сәйкес; 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 193-бап жаңа редакцияда

193-бап. Жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншiк

Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар Қазақстан халқына тиесілі. Қазақстан халқының атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

Бұл ретте мемлекеттің меншік құқығын жүзеге асыруы Қазақстан халқының мүддесі үшін мемлекеттік меншік режимі арқылы іске асырылады.

Жер заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.

 

2007.07.08  №  321-III  Заңымен 193-1-баппен толықтырылды; 2009.13.02. № 135-IV Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 193-1-бап өзгертілді

193-1-бап. Стратегиялық объектілер

1. Қазақстан қоғамының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оны иелену және (немесе), пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін мүлік стратегиялық объект болып табылады.

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.19.06. № 320-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Стратегиялық объектілерге: магистральдық темір жол желілері; магистральдық құбырлар; ұлттық электр тораптары; магистральдық байланыс желілері; деректерді өңдеу орталықтары; телерадио хабарларын тарату объектiлерi (телевизия және радио хабарларын таратудың жерүстi және жерсерiктiк жүйелерінің өндiрiстiк-технологиялық кешенi); мұнайды қайта өңдеу өндiрiстерi; қуаты кемiнде 50 мегаватт энергия өндiрушi объектiлер; ұлттық почта тораптары; халықаралық әуежайлар; халықаралық маңызды мәртебесі бар теңіз порттары; әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық құрылғылары; кемелердің қауіпсіз жүзуін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер; атом энергиясын пайдаланатын объектілер; патогендігі І топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын стационарлық ықтимал қауіпті биологиялық объектілер; ғарыш саласының объектілері; су шаруашылығы құрылысжайлары жəне гидротехникалық құрылысжайлар; ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары; қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымының мүліктік кешені; сондай-ақ меншігінде стратегиялық объектілер бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары), меншігінде стратегиялық объектілер бар жеке және заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама айқындауға немесе қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары) жатқызылуы мүмкін.

Стратегиялық объектілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін.

2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалатын тәртіппен мүмкін болады.

4. Азамат немесе мемлекеттік емес заңды тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығару бойынша мәміле жасасуға ниет білдірген, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған не стратегиялық объектіні оңалтуды не банкроттықты басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында шарттар бойынша Қазақстан Республикасы стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығына ие болады.

Стратегиялық объектінінің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес айқындалады.

Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалады.

2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

5. Егер стратегиялық объектiге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару кезiнде осы баптың 3 және 4-тармақтарындағы талаптар бұзылса, мұндай мәмiлелер маңызсыз болады.

 

194-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтар

Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтарды жүзеге асыру ерекшелiктерi тұрғын үй заңдарымен реттеледi.

 

02.03.98 ж. № 211; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 195-бап өзгертілді; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 195-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)

195-бап. Меншiк иесi болып табылмайтын адамдардың заттық құқықтары

1. Меншiк құқығымен қатар заттық құқықтарға:

1) жердi пайдалану құқығы;

2) шаруашылық жүргiзу құқығы;

3) оралымды басқару құқығы;

3-1) бөтеннiң жылжымайтын мүлкiн шектеулi түрде нысаналы пайдалану құқығы (сервитут);

4) осы Кодексте немесе өзге заңдарда көзделген басқа да заттық құқықтар.

2. Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.

3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мүлікке меншік құқығының басқа тұлғаға ауысуы осы мүлікке басқа да заттық құқықты тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

 

9-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығы

 

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 196-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

196-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның шаруашылық жүргiзу құқығы

1. Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және бұл мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.

2. Мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқықтарын жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалады.

 

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 197-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

197-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi

Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк бола алады.

 

198-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату

1. Мүлiктi құрылып үлгiрген мемлекеттік кәсiпорынға бекіту туралы меншiк иесi шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiткен кезде пайда болады.

2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығын алуға арналған заңдарда белгiленетiн тәртiп бойынша кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.