Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттiгi (ҚазТАГ) туралы Қазақстан
Республикасы Президентінің Жарлығы 1997 жылғы 10 қыркүйектегi
№ 3629
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметiнде жариялылықты одан әрi кеңейте түсу, олар қабылдаған шешiмдердi неғұрлым жедел және объективтi түрде жариялау, осы шешiмдердiң Республиканың бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ Қазақстанда тiркелген шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi үшiн ашық болуы мақсатында қаулы етемiн:
1. Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттiгi (ҚазТАГ) таратылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бiр ай мерзiмде "Қазақ ақпарат агенттiгi (ҚАА)" республикалық қазыналық кәсiпорнын (бұдан былай - қазыналық кәсiпорын) құру туралы шешiм қабылдасын және Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөніндегі ұлттық агенттiгiн оның уәкiлеттi органы ретiнде белгiлесiн;
2) құрылатын қазыналық кәсiпорынға оның қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi мүлiктiң, соның iшiнде Ақмола қаласында бас офисiнiң және Алматы қаласында өкiлдiгiнiң орналасуы үшiн ғимараттардың берiлуiн қамтамасыз ететiн болсын;
3) бiр ай мерзiмде белгiленген тәртiппен қазыналық кәсiпорынды мемлекеттік тiркеудi қамтамасыз етсiн.