«Қазгидромет» және «Қазавиамет» мемлекеттік кәсіпорындарын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 наурыздағы № 185 Қаулысы
(2013.05.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Қазақстан Республикасы гидрометеорологиялық қызметі жұмысының тиімділігін арттыру, гидрометеорологиялық болжаулардың және табиғи ортаның іс жүзіндегі жай-күйі мен климаттың өзгеруі туралы ақпараттың сапасын жақсарту мақсатында, сондай-ақ азаматтық авиацияның метеорологиялық қамтылуын жүзеге асыру және әуе кемелері ұшуының қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - «Қазгидромет» кәсіпорны) және шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазавиамет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - «Қазавиамет» кәсіпорны) бөлу арқылы қайта құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Қазгидромет кәсіпорнының және «Қазавиамет» кәсіпорнының мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ оларға қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асырушы орган болып белгіленсін.
3. «Қазгидромет» кәсіпорнының негізгі міндеттері мыналар болып белгіленсін:
1) қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді метеорологиялық, гидрологиялық және агрометеорологиялық болжаулар әзірлеу және жасау;
2) қоршаған ортаға жүйелі гидрометеорологиялық байқаулар және қоршаған ортаның мониторингін жүргізу;
3) гидрометеорологиялық зілзала құбылыстары болуының ықтималдығы туралы ескерту жасау;
4) Гидрометеорология және табиғи ортаның ластануы жөніндегі республикалық деректер қорын жүргізу;
5) энергетиканы, ауыл шаруашылығын және Қазақстан Республикасы экономикасының басқа да салаларын метеорологиялық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, экономикасы салаларының және халқының ауа райы, климат, гидрометеорологиялық жағдайлардың нақты және күтілетін өзгерістері және табиғи орта ластануының жай-күйімен бұл өзгерістердің себептері туралы ақпаратқа қажеттілігін қанағаттандыру.
4. «Қазавиамет» кәсіпорнының негізгі міндеті авиацияны метеорологиялық қамтуды жүзеге асыру және әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін арттыру болып белгіленсін.
5. Мыналардың:
1) «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 1-қосымшаға сәйкес;
2) «Қазавиамет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 2-қосымшаға сәйкес еншілес мемлекеттік кәсіпорындарын құруға рұқсат етілсін.
6. Қазақстан Республикасының табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі заңдарда белгіленген тәртіппен:
1) «Қазгидромет» кәсіпорнының және «Қазавиамет» кәсіпорнының жарғыларын бекітсін, сондай-ақ олардың мемлекеттік тіркеуден өтуін қамтамасыз етсін;
2) ұйымдардың тізбесі мен бөлінген бюджеттік қаржының есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша «Қазгидромет» кәсіпорны ұсынатын гидрометеорологиялық ақпараттың көлемін Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсынсын;
3) осы қаулыдан туындайтын басқа да шаралар қабылдасын.
7. ҚР Үкіметінің 2013.05.08. № 796 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)
8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.