Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағын және 76-бабы 2-тармағын ресми түсiндiру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000 жылғы 20 желтоқсан № 21/2 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төрағаның мiндетiн атқарушы Н.I. Өкеев, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, мына өкiлдердің:
өтiнiш субъектiсiнен - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты Б.Ғ. Жүсіповтің,
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен - Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары К.А. Колпаковтың,
Қазақстан Республикасы Президентiнің Әкiмшiлiгiнен мемлекеттік-құқық бөлiмiнің аға референтi И.М. Ахметованың,
қатысуымен өткен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағын және 76-бабы 2-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашы - Кеңес мүшесi Қ.Ә. Омархановтың және отырыс қатысушыларының сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады:
1. Республиканың Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы 5 желтоқсанда Республика Парламентiнің 31 депутатының Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағына және 76-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беру туралы өтiнiшi келiп түсті.