Ақпараттандыру саласындағы ақпараттық ресурстар мен жүйелердi
қалыптастырудағы ынтымақтастық, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердiң мемлекетаралық бағдарламаларын
iске асыру туралы келісім
(Мәскеу қ., 1999 ж. 24 желтоқсан)
Келісім Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 24 желтоқсандағы № 1357 қаулысына сәйкес бекітілді
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық кеңесi Келісімнің қатысушы мемлекеттерi үкіметтерiнiң тапсырмасы бойынша
- тең құқықты және өзара тиiмдi негiзде экономикалық кiрiгудiң ақпараттық базасын құруға өз үлесін қосуға ұмтыла отырып;
- әлуетті пайдаланушылар үшiн ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз ететін технологиялық жағдайларды, ақпараттық және бағдарламалық құралдарды, телекоммунациялық жүйелердi құрудың қажеттілігiне негізге ала отырып;
- жоғары тиiмділіктi қазiргi құралдар мен ақпараттандыру жүйелерiн кеңiнен пайдалану экономикалық және мәдени дамудың маңызды факторы болып табылатынына кәмiл сене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнiң мақсаттары үшiн төменде келтiрiлетiн терминдер мынадай мағыналарға ие:
мемлекеттік тапсырыс берушi - осы Келісімге сәйкес қабылданған мiндеттемелерiн орындауға жауапты мемлекетаралық бағдарламаға қатысушы мемлекеттің атқарушы өкіметінiң органы (немесе өзге өкілеттi ұйым);
ақпарат - тiркеу мен таныстыру нысанына қарамастан, тұлғалар, заттар, фактілеp, оқиғалар, құбылыстар және үдерістер туралы мәлiметтер;