Қазақстан Республикасының Жер кодексі 2003 жылғы 20 маусымдағы № 442-ІІ (2026.12.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

Осы тармақтың бесінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін пайдалы қатты қазбаларды өндіру мақсаттары үшін ауыстырған кезде:

1) жер қойнауын пайдаланушының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ауыстырылатын учаске алаңының екі еселенген мөлшерінде орман дақылдарын өтемдік отырғызу, сондай-ақ жұмыстар аяқталғаннан кейін пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің құнарлы қабатын қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдауы;

2) экологиялық әсерге бағалау жүргізу;

3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының болуы;

4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан елді мекендерде бұқаралық ақпарат құралдарында жазып-көрсете отырып, кең ауқымда қоғамдық тыңдаулар өткізу өндіру жөніндегі операцияларды жүргізудің басталу шарттары болып табылады.

Бұл ретте жер учаскесін үшінші тұлғаларға немесе кепілге беруге жол берілмейді.

Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге қатысты түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді; 2024.18.07. № 126-VІІІ ҚР Заңымен (2024 ж. 18 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.06. № 198-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 8 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн.

Шаруашылық қызметі шектеулі аймақтағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелері жеке жəне заңды тұлғаларға ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері босалқы жерлерге ауыстырылмай, жануарлардың өріс аудару жолдары ескеріле отырып, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін жəне басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу жəне оларға қызмет көрсету үшін табиғат қорғау ұйымымен жасалған, туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу жəне оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарттың негізінде беріледі.

Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін жəне басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу жəне оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік шарттың негізінде жасалады.

Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін жəне басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу жəне оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шартта жүргізілетін жұмыстардың атауы, олардың орындалу мерзімдері мен талаптары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар, бүлінген жерлерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар жəне оларды жүргізу мерзімдері көрсетіледі.

Мәдени-ағартушылық iс-шаралар жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, демонстрациялық учаскелер мен басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.

Туризм үшiн және рекреация жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк соқпақтармен, көрсетiлiм алаңдарымен, қосынды алаңқайлармен, көлікке арналған тұрақтармен, оның ішінде электр желілеріне қол жеткізуге болатын орындарда электрқуаттау станциялары бар тұрақтармен, кемпингтермен, шатырлы лагерьлермен, қонақүйлермен, мотельдермен, туристiк базалармен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлермен жабдықталатын арнайы учаскелер бөлiп шығарылады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимi ескерiле отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен және шаруашылық қызметтi реттеу режимiмен арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.

2025.26.06. № 198-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 8 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерінде азаматтық қорғау іс-шараларын қоспағанда, олардың нысаналы мақсатына сəйкес келмейтін кез келген қызметке тыйым салынады.

Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерінде құрылысжайлар салуды, қауіпті геологиялық процестерден инженерлік қорғауды көздейтін іс-шараларды жүргізу табиғат қорғау ұйымы жəне (немесе) мемлекеттік жəне жергілікті атқарушы органдар арасында жасалған, сейсмологиялық станциялар желілерін кеңейту, гидротехникалық құрылысжайларды жəне сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарттың негізінде жүзеге асырылады.

Сейсмологиялық станциялар желілерін кеңейту, гидротехникалық құрылысжайларды жəне сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік шарттың негізінде жасалады.

Сейсмологиялық станциялар желілерін кеңейту, гидротехникалық құрылысжайларды жəне сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шартта жүргізілетін жұмыстардың атауы, олардың орындалу мерзімдері мен талаптары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар, бүлінген жерлерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар жəне оларды жүргізу мерзімдері көрсетіледі.

 

2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 123-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының жерлерi

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

1. Ерекше күзетуді және қолайсыз сыртқы әсерден қорғауды қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына, оның ішінде олардың шекарасында орналасқан меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлеріне, осы аймақтар шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйесіне және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне қолайсыз әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынатын және (немесе) шектеу қойылатын күзет аймақтары белгіленеді.

2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2025.26.06. № 198-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 27 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттар мен мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің күзет аймағы аумағында табиғат пайдалану мөлшері, шекарасы, режим түрлері және тәртібі оларды құру жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелермен айқындалады, осы Кодексте және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.

Бұл ретте меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық межелер бойынша белгіленетін және сол жерлерде арнаулы белгілерімен белгіленетін күзет аймағының ені екі километрден кем болмауға тиіс.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймағы белгіленгенге дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекарасы бойынша екі километр болатын аумақта қала құрылысы жобаларын түзетуге, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жəне соларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің экологиялық жүйелерінің жай-күйіне жəне қалпына келтірілуіне теріс əсерін тигізетін құрылыс салуға арналған бастапқы жəне рұқсат беру құжаттарын келісуге тыйым салынады.

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғалатын аймақтары шегіндегі жер учаскелерi осы аймақтарды қорғаудың белгiленген режимi сақтала отырып пайдаланылады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иелiктен шығару осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шарттар мен тәртіпке сәйкес жүргізіледі.

 

2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 124-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу

Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер

1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.

2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.

Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегіндегі жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте көрсетілген учаскелер осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.

Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.

 

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 126-бапқа орыс тіліндегі мәтінге қатысты түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді

126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер

2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне, сондай-ақ жабайы жануарларды өсіруге арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.06. № 198-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Рекреациялық мақсаттағы жерлер құрамына демалыс үйлері, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектілері, туристік базалар, стационарлық және шатырлы туристік-сауықтыру лагерьлері, балықшы және аңшы үйлері, орман парктері, туристік соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлері, осы сияқты басқа да объектілер орналасқан жер учаскелері кіруі мүмкін. Рекреациялық мақсаттағы жерлерге астананың қала маңындағы жасыл аймағының және орманды саябақ аймағының жерлері де жатады.

3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртібі мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.

4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келісім бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.

5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.

 

127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер

2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.

Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Тарихи, ғылыми, көркемдік және мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына жəне бүтіндігіне қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады.

Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдалану шылар археологиялық жұмыстардың жүргізілуіне кедергі келтірмейді.

2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерге жатқызылған жер учаскелерi жер учаскелерінің меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.

Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгіленеді.

Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді.

Аталған аймақтарды айқындаудың тәртібі мен олардағы жерді пайдалану режимін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шегінде жерді пайдалану режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.

 

 

14-тарау. Орман қорының жері

128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы

1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.

2. Орман қорының жерi мемлекеттік және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.

3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттік орман қорының жерiне жатады.

2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4-тармақ жаңа редакцияда; 2021.13.05. № 39-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Жекеше орман қорының жерлеріне осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға берілген:

1) қолдан өсірілген екпелер;

2) табиғи, тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен өскен екпелер;

3) жекеше орман питомниктері;

4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;

5) агроорман-мелиорациялық екпелер;

6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарын бөлу жолақтарындағы қорғаныштық екпелер отырғызылған жерлер жатады.

 

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 129-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

129-бап. Ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін және құрылыс объектілерін салу үшін жер пайдалануға мемлекеттік орман қорының жерлерін беру

Орман қоры жеріндегі орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.

Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығы мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілері үшін учаскелер беру Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер

Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

131-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеу

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

1. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.

2. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

3. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеу нормативтерiн агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы орталық уәкілетті орган белгiлейдi.

 

 

15-тарау. Су қорының жері

 

2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 132-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 132-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

132-бап. Су қорының жері ұғымы жəне оның құрамы

Жерүсті су объектілері алып жатқан жер, сондай-ақ жерүсті су объектілерінің су қорғау белдеулеріне жəне ауызсумен жабдықтаудың су тарту құрылысжайларының санитариялық қорғау аймақтарына бөлінген жер су қорының жері деп танылады.

 

2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 133-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

133-бап. Су қорының жеріне жəне су шаруашылығы құрылысжайлары алып жатқан жер учаскелеріне меншік құқығы

2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Су қорының жері Қазақстан халқының меншігінде болады.

Қазақстан халқының атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Бұл ретте мемлекеттің меншік құқығын жүзеге асыруы Қазақстан халқының мүддесі үшін мемлекеттік меншік режимі арқылы іске асырылады.

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (суару және кәрiз жүйелерi) алып жатқан жер учаскелерi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi бiр субъектiнiң жер учаскесiне қызмет ететiн ирригациялық құрылыстары, аталған құрылыстар мемлекет меншігінен иеліктен шығарылған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.

3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн су шаруашылығы құрылыстарының жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану құқығымен берiледi.

 

2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 134-баптың тақырыбы өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

134-бап. Жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер бөлiп шығару

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Жергiлiктi атқарушы органдар жерүсті су объектілерінің жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерлерінде жерүсті су объектілерінің жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулеріне жер учаскелері берілмейді.

2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2025.12.06. № 194-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 135-бап өзгертілді

135-бап. Су қоры жəне су қорғау аймақтары жерінің құрамынан жер учаскелерiн беру

Жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын қорғау жəне пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекцияларымен келісу бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, аңшылық, балық шаруашылықтарының, аквашаруашылықтың мұқтажы, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қорының жері құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн, сондай-ақ су қорғау аймақтары алып жатқан жер учаскелерін беруi мүмкiн.

 

136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртібі

Су қорының жерiн пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

 

2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 136-1-баппен толықтырылды

136-1-бап. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру тәртібі

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру су объектісінің мөлшері табиғи немесе жасанды түрде жойылып немесе азайып кеткен және су қорының жерлері мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жағдайларда жүргізіледі.

2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.

Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру немесе су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстырудан бас тарту туралы шешім жер комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданады.

 

 

16-тарау. Босалқы жер

 

137-бап. Босалқы жер құрамы

1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.

2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.