Шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 5 қыркүйектегi № 903 қаулысына сәйкес әзiрлендi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 7 желтоқсандағы № 1598 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының 2002-2006 жылдарға арналған тұжырымдамасы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 24 желтоқсандағы отырысында мақұлданған Шағын қалаларды дамыту тұжырымдамасы;
Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарында көрiнiс тапқан республиканы, оның салалары мен өңiрлерiн дамытудың стратегиялық бағыттары;
Бағдарламаны әзiрлеуге экономикалық реформалар жылдары көптеген шағын қалалардың дамуында келеңсіз өзгерістер орын алғаны себеп болды. Нарықтық экономика жағдайында шағын қалаларды дамытуға көзқарасты өзгерту, оларды iшкi ресурстар есебiнен дербес дамуға бiртiндеп көшiру қажеттілiгi туындады.
Бағдарлама негiзгі экономикалық және әлеуметтiк факторларды жақсартуды көздейтiн кешендi сипатта.
Бағдарлама шағын қалаларды олардың функционалдық тұрпатына сәйкес дамытудың негiзгi бағыттарын, олардың нарықтық негiзде өздерiн өздері дамытуға көшуiне ықпал ететiн әкiмшiлiк-құқықтық және экономикалық сипаттағы шараларды айқындайды.
Қазақстанда 60 шағын қала бар, оларға халқының саны 50 мың адамнан аспайтын қалалар жатады. Олардың iшiнде 41 шағын қала тиiстi ауылдық аудандардың әкiмшiлiк орталығы болып табылады, бұл шағын қалалар санының 68%-ын және ауылдық аудандар санының 25%-ын құрайды. 19 шағын қала ауылдық аудандардың орталықтары болып табылмайды, олар: Степногорск, Темір, Ембi, Жем, Қапшағай, Текелi, Шар, Серебрянск, Курчатов, Шу, Шахтинск, Сарань, Приозерск, Қаражал, Лисаковск, Арқалық, Ақсу, Қазалы, Жаңаөзен. Олардың бiр бөлiгі облыстық маңызы бар қалалар болып табылады, бiр бөлiгі аудандардың қосылуы нәтижесiнде аудан орталықтары мәртебесiнен айырылды.
Шағын қалалар ел аумағы бойынша бiркелкi бөлiнбеген (1-кесте).
Олар ресурстық әлеуетi, демографиялық ахуалы, әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiштерi бойынша бiр-бiрiнен елеулi түрде өзгешеленедi.
Қалалардың экономикалық базасына, олардың салалық құрылымына, негізгi кәсiпорындары туралы деректерге жасалған талдау қалалардың мынадай 5 функционалдық тұрпатын бөлiп алуға мүмкiндiк бердi:
1. Қалалар - өнеркәсiп орталықтары
1) Өндiру өнеркәсiбi басым дамыған қалалар - 14 қала:
көмiр өндiру - Абай, Шахтинск;
мұнай және газ өндiру - Жаңаөзен, Құлсары, Ақсай;
металл кендерiн өндiру - Зыряновск, Қаражал, Лисаковск, Арқалық, Текелi, Хромтау;
шикiзат ресурстарының басқа түрлерiн өндiру - Жаңатас, Қаратау, Жiтiқара.
2) Өңдеушi өнеркәсiп басым дамыған қалалар - 9 қала:
химия өнеркәсiбi - Сарань, Алға, Степногорск;
металлургия өнеркәсiбi - Ақсу;
машина жасау, құрылыс, тоқыма және тамақ өнеркәсiбi - Макинск, Ерейментау, Қапшағай, Леңгiр, Арал.
3) Ауылшаруашылық өнiмiн ұқсататын салалар басым дамыған қалалар - 19 қала: Ақкөл, Арқалық, Атбасар, Есіл, Степняк, Сарқанд, Жаркент, Қаскелең, Үштөбе, Есiк, Ушарал, Талғар, Шемонаиха, Зайсан, Булаево, Мамлютка, Сергеевка, Тайынша, Жетiсай.
4) Электр энергиясын өндiру жөніндегі салалар басым дамыған қалалар - Шардара, Серебрянск.
2. Өнеркәсiп-көлiк орталықтары - 8 қала: Қандыағаш, Ембi, Шалқар, Аякөз, Шар, Шу, Арыс, Қазалы.
3. Ғылыми-тәжiрибе орталықтары - Курчатов, Приозерск, Степногорск.
4. Сауықтыру орталықтары функцияларын орындайтын қалалар Сарыағаш, Шортанды, Қарқаралы.
5. Бұрынғы өнеркәсiптiк және өнеркәсiптiк емес функцияларынан бiртiндеп айырылып бара жатқан қалалар - 4 қала: Жем, Темір, Державинск, Форт-Шевченко.
Көптеген шағын қалаларды дамыту экономиканың белгілi бiр саласымен тiкелей байланысты болды, сондықтан нақты бiр қаладағы ахуал да осы салалардағы жай-күй мен үрдiстерге байланысты болды.
Шағын қалалардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының серпiнiн, халықтың тұрмыс деңгейi мен сапасын сипаттайтын статистикалық көрсеткiштерге жасалған салыстырмалы талдау бүгiнгi күнге салыстырмалы түрде жағдайы тәуiр шағын қалалар тобын бөлiп алуға мүмкiндiк бердi, оларға Қандыағаш, Хромтау (Ақтөбе облысы), Құлсары (Атырау облысы), Текелi (Алматы облысы), Зыряновск (Шығыс Қазақстан облысы), Ақсай (Батыс Қазақстан облысы), Лисаковск (Қостанай облысы), Жаңаөзен (Маңғыстау облысы), Ақсу (Павлодар облысы) қалаларын жатқызуға болады. Бұл қалалардың елеулi табиғи-ресурстық және өндiрiстiк әлеуетi, халқының жоғары табыстары бар.
Солай бола тұра, шағын қалалардың жалпы санынан әлеуметтiк-экономикалық дамудың ең нашар көрсеткiштерiн арқалаған тоқыраған шағын қалалар оқшауланып көрiнедi.
"Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының 2002-2006 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 7 желтоқсандағы № 1598 қаулысына сәйкес осындай қалаларды анықтау үшін шағын қалаларды тоқтаған қалаларға жатқызудың мынадай өлшемдерi және олардың тиiстi шектi мәндерi пайдаланылды:
өнеркәсіп өнiмiн өндiру көлемі халықтың жан басына шаққанда орташа республикалық деңгейдiң 20%-ынан төмен;
ресурстық базаның жоқтығы немесе сарқылуы;
экономикалық қызметтiң ірі орталықтарынан қаланың шалғай орналасуы;
қалалардың өнiм өткізудiң iрi рыноктарынан алыстығы;
соңғы үш жыл iшiнде жұмыссыздықтың орташа деңгейi орташа республикалық көрсеткіштен 50 пайыз және одан да жоғары болды;
өнеркәсiпте жұмыс iстейтiндердiң орташа айлық жалақысы республика бойынша орташа айлық жалақымен салыстырғанда 1,5 есе төмен;
өндiрiстiк инфрақұрылымның мешеулiгi;
қолайсыз экологиялық жағдайлар.
Осы өлшемдердiң жиынтығы бойынша тоқыраған қалалар санатына мына шағын қалаларды жатқызуға болады: Державинск, Степняк (Ақмола облысы), Алға, Шалқар (Ақтөбе облысы), Абай, Қарқаралы (Қарағанды облысы), Арқалық, Жітіқара (Қостанай облысы), Арал (Қызылорда облысы), Форт-Шевченко (Маңғыстау облысы).
Аудандық бағыныстағы шағын қалалардың дербес бюджеттерi жоқ және аудандық бюджеттерден қаржыландыру жоспарлары бойынша қаржыландырылады. Аудандар бюджеттері негiзiнен дотациялық сипатта.
Бюджет қаражатын әртүрлi деңгейдегi бюджеттер арасында қайта бөлудiң қолданылып жүрген тетiгi шағын қалалардың қаржы жағдайының тұрақсыздығына әкеп соғады, әлеуметтiк саланың бар объектілерiнiң жұмыс iстеуiне байланысты шығындарды қаржыландыруды толық көлемiнде қамтамасыз етпейді.
3.2. Әлеуметтік даму
3.2.1. Халық
Шағын қалалар халқының жалпы саны 2002 жылы 1,4 млн. адам болды.
Халықтың табиғи өсiмiнің қысқаруы және жоғары көшi-қон легi шағын қалалар халқы санының едәуір қысқаруына әкеп соқты. Нәтижесiнде халық санағы өткен жылдар аралығындағы 10 жыл iшiнде Державинск қаласы халқының 50%-ынан, Курчатов қ. мен Жаңатас қ. - 43 %, Қаратау қ. - 35 %, Қарқаралы қ.- 33 %, Степняк қ., Арқалық қ. және Сергеевка қ.- 27 %, Абай қаласы халқының 25%-ынан айырылды.
Көшi-қонның негiзгі себептерi: жұмыстың жоқтығы, еңбек және тұрмыс жағдайларының нашарлауы, білiм алуға құлшыныс.
Шағын қалалардан еңбекке қабiлеттегi жастағы адамдардың көшiп кетуi салдарынан олардың халқы қартаю үрдісіне ие болып отыр. Жекелеген шағын қалаларда жасы үлкен топтарындағы халықтың үлесі 18-20%-ға жетедi.
Халқының саны жөнiнен 13 шағын қала қала мәртебесіне сәйкес келмейді, олар - Державинск, Ерейментау, Степняк, Жем, Темір, Курчатов, Шap, Қарқаралы, Қазалы, Форт-Шевченко, Булаево, Мамлютка, Сергеевка.
3.2.2. Жұмыспен қамту және жұмыссыздық
Шағын қалалардың көпшiлiгiнiң аса өткiр проблемасы жұмыссыздық болып табылады. Соңғы үш жылға (2000-2002 жылдар) есептелген жұмыссыздықтың орташа деңгейi туралы деректер жұмыссыздықтың аса жоғары көрсеткіштері орын алған шағын қалалар тобын бөліп алуға мүмкіндік берді: Степняк - экономикалық белсенді халқының 21,5 %-ы, Форт-Шевченко - 18,4 %, Арқалық - 16,6 %, Қарқаралы - 15,5 %, Қаратау - 15,7 %, Жiтiқара 12,5 %.
Жұмыссыздардың 60 %-ынан 80%-ына дейін ұзақ уақыт бойы (бiр жылдан астам) жұмыссыз жүрген, өздерiнiң біліктiлiгiн жоғалтқан азаматтар құрайды.
Шағын қалалардың еңбек рыногында жұмыс күшiнiң сұранымы мен ұсынысының сандық та, сапалық та сәйкессiздiгi сақталуда. Тұтас алғанда өнеркәсiптегi және экономикадағы тұрақтандыру кәсіби кадрлардың, ең алдымен инженер-техник қызметкерлерінің болуын талап етті, ал кәсiпорындарда жаңа технологияларды енгізу қызметкерлер біліктiлiгiнiң деңгейіне қойылатын талаптарды арттырды.
Еңбек рыногындағы жұмыс күшінің ұсынысы ретiнде негiзiнен бұрынғы ауыл тұрғындары бой көрсетуде. Олардың үштен бір бөлігінің ғана жоғары және орта кәсіби білімі бар, бірақ ол шағын қалаларда жұмыс істеп тұрған өндiрiстердiң бейiнiне сәйкес келмейдi.
Осының салдарынан қалалар экономикасын дамытудың перспективалары мен басымдықтарын басшылыққа ала отырып, жаңа сапалық негізде кадр әлеуетін көбейту жөнінде шаралар қолдану қажеттiгі туындайды.
3.2.3. Халықтың тұрмыс деңгейi
Шағын қалалар халқының жан басына шаққанда орташа ақшалай табысы орташа облыстық деңгейдiң 30-80 %-ын ғана құрайды. Неғұрлым төмен табыстар халқы негiзiнен жеке қосалқы шаруашылық есебiнен тұратын аграрлық-өнеркәсiптiк кешен орталықтары болып табылатын қалаларда орын алып отыр. Мәселен, Степняк қаласында халықтың жан басына шаққанда табыстары 40%-ды, Державинск қаласында - Ақмола облысы бойынша орташа облыстық деңгейдің 48 %-ын, Арал қаласында Қызылорда облысы бойынша орташа облыстық деңгейдің 43 %-ын құрайды және т.б.
53 шағын қалада жалақы республика бойынша орташа көрсеткiштерден төмен, оның үстiне 18 қалада - екі есе төмен. 7 қалада ғана жалақы орташа республикалық жалақыдан жоғары: Курчатов пен Зыряновскiде - 1,2 есе, Хромтауда - 1,4, Ақсуда - 1,6, Құлсарыда - 1,9, Ақсайда - 2,7, Жаңаөзенде - 2,9 есе жоғары.
Шағын қалалар халқы табыстарының негізгi көздерi кәсіпорындар мен ұйымдардағы (негiзiнен бюджеттік) жалақы болып табылады, оның үлесi табыстардың жалпы сомасында 50-60%-ды құрайды, зейнетақылар, стипендиялар, әртүрлі жәрдемақылар табыстардың шамамен 20-30%-ын, қосалқы шаруашылықтан түсетін түсімдер - 10-15%-ды құрайды, қалғаны - жақындары мен достарының көмегi.
3.3. Өнеркәсiп өндiрiсі мен шағын бизнестің жай-күйi
Шағын қалалардағы өнеркәсiп өндірісі бір-екі салада айқын маманданумен сипатталады, ал қалған салалар болымсыз дамыған, не өнеркәсіп кәсiпорындары мүлдем жоқ. Өндiріс көлемінің төмендеуі немесе қала салушы кәсiпорындардың тоқтап қалуы қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жалпы нашарлап кетуiне әкеп соғады.
Халықтың жан басына шаққанда өнеркәсіп өндiрiсiнiң көлемi мұнай, газ және металл кендерiн өндiру орталықтары - шағын қалаларда (Ақсай, Ақсу, Қаражал, Хромтау, Зыряновск, Құлсары) орташа республикалық деңгейден асып түседі. Шағын қалалар - металл кендерiн өндiру мен өңдеудiң ұзақ жылғы өнеркәсiп орталықтары - өнеркәсiп өндірiсiнiң тұрақты көлемiне және өткізу рыноктарына, халықтың жоғары табыстарына (Хромтау, Зыряновск, Қаражал) ие болып отыр.
Халықтың жан басына шаққанда өнеркәсiп өндiрісiнiң ең аз көлемiне ауылшаруашылық аудандарының орталықтары болып табылатын қалалар (Сарқанд, Үштөбе, Жаркент, Есiк, Степняк және басқалар) ие.
Пайдалы қазбалар өндiру орындарында орналасқан шағын қалалардың дамуы кен орындарының өмiршеңдiк циклінің дәрежесiне, өнiмдi талап ету мен оған сұраным деңгейіне байланысты болады.
Қазақстанның батысындағы жаңа мұнай және газ кен орындарын игеру аудандарында орналасқан шағын қалалар (Ақсай, Жаңаөзен, Құлсары, Қандыағаш) өнеркәсіп өндiрiсi өсуінiң неғұрлым жоғары қарқынына, инвестициялардың үлкен көлемдерiне және халықтың жоғары табыстарына ие болып отыр.