Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Премьер-Министрінің
орынбасарлары және Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы арасында
міндеттердi бөлу туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
2004 жылғы 26 сәуірдегі № 120-ө өкімі
ҚР Премьер-Министрінің 02.06.04 ж. № 165-ө өкімімен күші жойылды
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Премьер-Министрiнің орынбасарлары және Премьер-Министрi Кеңсесiнің Басшысы арасында мiндеттердi бөлу бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнің 2004 жылғы 20 қаңтардағы № 16-ө өкімінің күші жойылды деп танылсын.
| Премьер-Министр | Д.К. Ахметов |
Премьер-Министрінің
2004 жылғы 26 сәуірдегі
№ 120 өкімімен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Премьер-Министрінің
орынбасарлары және Премьер-Министрi Кеңсесінің Басшысы арасында
міндеттерді бөлу
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Д.К.Ахметов
Yкiметтiң қызметiне басшылық жасау.
Қазақстан Республикасының Президентiмен, сондай-ақ Парламентпен, Конституциялық Кеңеспен, Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және басқа да конституциялық органдармен қатынастарда Үкiметтің атынан өкiлдiк ету.
Мемлекетаралық қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық мәселелерi.
Экономикалық және қаржы саясаты, қорғаныс, құқықтық тәртiп, мұнай-газ секторын дамыту мәселелерi.
Yкiметтің заң шығару қызметін үйлестiру.
Республикалық бюджет комиссиясының және Экономикалық саясат жөніндегі кеңестiң жұмысына басшылық жасау.
Yкiметтiң кадр мәселелерi.
Сыртқы iстер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң, Қаржы министрлігінің, Iшкi iстер министрлігінің, Әдiлет министрлігінiң, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттiктiң (қаржы полициясы), Кедендiк бақылау агенттiгiнің қызметiн жалпы бақылау.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.М.Мыңбаев
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын, Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, инвестициялық саясатты iске асыру мәселелерi.
Мемлекеттік органдардың өндiрiстік саланы, инфрақұрылым мен жаңа технологияларды дамыту, мемлекеттік органдарды ақпараттандыру мәселелерi жөніндегі қызметiн үйлестiру.
Мемлекеттік материалдық резервтер, экспорттық бақылау және жұмылдыру жұмысы мәселелерi.
ТМД елдерiмен және олардың ықпалдастық бiрлестiктерiмен өзара қатынастарды үйлестiру, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуi мәселелерi.
Мемлекеттік даму институттарының (Қазақстанның Даму Банкi, Инвестициялық қор, Инновациялық қор, Экспорттық кредиттердi және инвестицияларды сақтандыру жөніндегi корпорация және басқалары) қызметiн үйлестiру.
Индустрия және сауда министрлігінiң, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің, Көлiк және коммуникациялар министрлігінiң, Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiктiң, Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттіктiң, Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттіктің, Статистика жөніндегі агенттіктің қызметін жалпы бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi А.С.Есімов
Экономиканы жедел басқару, өңiрлiк саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аграрлық азық-түлiк бағдарламасын iске асыру мәселелерi.
Мемлекеттік органдардың халықты әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi жөніндегі қызметін үйлестiру.
Төтенше жағдайлар, экология, туризм мен спортты дамыту, көші-қон және демография саясаты мәселелерi.
Әлеуметтік әрiптестік мәселелерi.
Ауыл шаруашылығы министрлiгінің қызметiне басшылық жасау.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінiң, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігiнің, Көшi-қон және демография жөнiндегі агенттiктiң, Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттiктiң, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiктің, Туризм және спорт жөніндегі агенттiктiң қызметiн жалпы бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы А.А.Тілеубердин
Үкiметтің шешiмдерiн дайындау және олардың орындалуын ұйымдастыру бөлігінде орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ведомстволардың мемлекеттік және орындаушылық тәртiптi сақтау, мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi жөніндегі қызметiн үйлестiру.
Үкiметтiң кадр саясатын iске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру.
Үкiметтiң өңiрлiк саясатын iске асыру жөнiндегі жұмысты ұйымдастыру, Үкiметтiң облыстар әкiмдерiмен өзара iс-қимылын қамтамасыз ету.
Премьер-Министр Кеңсесiнiң Президент Әкiмшілігімен және Парламент палаталары аппараттарымен өзара iс-қимылын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік органдардың білім берудi, ғылымды, ақпаратты, мәдениет пен денсаулық сақтауды дамыту мәселелерi жөніндегі қызметiн үйлестiру.
Білім және ғылым министрлігінің, Ақпарат министрлігінiң, Мәдениет министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінiң қызметiн жалпы бақылауды жүзеге асырады.