Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабының 1-тармағын ресми
түсiндiру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004
жылғы 23 маусымдағы № 6 қаулысы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, төрағалық етушi Кеңес мүшесi А.К. Котов және Кеңес мүшелерi Қ.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев, С.Ф. Бычкова, Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi - Республика Әдiлет вице-министрi С.Н. Баймағамбетовтiң,
Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттік-құқық басқармасының сот жүйесi мәселелерi жөніндегі бөлiм меңгерушiсi М.А. Пақырдiновтiң,
Республика Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н. Бәйiшевтiң,
Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың,
Республика Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Г.Н. Әбдiқалықованың қатысуымен,
өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 79-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашыны Конституциялық Кеңестiң мүшесi Қ.Ә. Омархановты, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлiн және отырысқа қатысушыларды тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады:
Республика Конституциялық Кеңесiне Республика Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 79-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түсiп, онда мынадай сұрақтардың жауабын ескеру сұралған:
1) Конституцияның 79-бабының 1-тармағындағы "соттар тұрақты судьялардан тұрады" деген тұжырымға қарай отырып, Қазақстан Республикасының судьялары өмiрлiк тағайындала ма (сайлана ма)?
2) "Судьялардың өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн" деген нормаға сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабы 1-тармағында көзделген ереже зейнеткерлiк жасқа жетуiне байланысты жұмыстан шығару туралы қолданыстағы заңды судьяларға қолдануға жол бередi деп түсiнуге бола ма?