?аза?стан Республикасында нотариатты? іс-?рекеттерді жасауды?

Қазақстан Республикасында нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудың

тәртібі туралы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Әділет министрінің

бұйрығымен бекітілді 1998 жылғы 28 шілде N 539

Осы редакция ҚР Әділет министрінің 2002 жылғы 22 қарашадағы N 175 бұйрығымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды



І-БӨЛІМ

І-ТАРАУ.

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1. Осы Нұсқаулық "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен белгіленген құзыреттер шегінде нотариаттық іс-әрекеттер жасауы кезінде мемлекеттік нотариустардың және жеке практикамен айналысатын нотариустардың (бұдан әрі - нотариустардың), сондай-ақ нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілдік берілген жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының және консульдық міндетті атқарушы адамдардың Қазақстан Республикасы атынан нотариаттық іс-әрекеттер жасау тәртібін белгілейді.

2. Нотариус мынадай нотариаттық іс-әрекеттер жасайды:

1) мәмілелерді куәландырады;

2) шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай құжаттарын куәландырады;

3) мұраға мүлікті қорғауға шаралар қолданады;

4) мұраға құқық туралы куәліктер береді;

5) жұбайлардың және ортақ бірлескен меншік құқығындағы мүлкі бар өзге де адамдардың ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер береді;

6) мүліктерді иеліктен алуға тыйым салады және салынған тыйымды алып тастайды;

7) құжаттардың көшірмелері мен олардан алынған үзінділердің дұрыстығын куәландырады;

8) құжаттарға қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;

9) құжаттардың бір тілден екінші тілге дұрыс аударылғанын куәландырады;

10) азаматтың тірі екендігі фактісін куәландырады;

11) азаматтың белгілі бір жерде болу фактісін куәландырады;

12) құжаттардың берілген уақытын куәландырады;

13) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа және жеке заңды тұлғаларға береді;

14) ақшаларды депозитке қабылдайды;

15)

16) вексель наразылықтарын жасайды;

17) құжаттар мен бағалы қағаздарды сақтауға қабылдайды;

18) теңіз наразылықтарын жасайды;

19) дәлелдемелерді қамтамасыз етеді.

Ескерту: 2-тармақтың 15) тармақшасы алынып тасталды - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

3. Қазақстан Республикасының заң актілерімен нотариус жасайтын өзге де нотариаттық іс-әрекеттер көзделуі мүмкін.

4. Нотариустың көмекшілері мен сынақтан өтушілері болуы мүмкін. Нотариустың сынақтан өтушісінің құқықтық жағдайы мен құзыреті Қазақстан Республикасының әділет министрлігі бекіткен Нотариустың сынақтан өтушісі туралы ережемен белгіленеді. Нотариус көмекшісінің құқықтық жағдайы мен құзыреті нотариус пен көмекші арасындағы еңбек шартымен белгіленеді.

5. Нотариустың өз тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ мемлекеттік нотариат кеңсесінің атауы (мемлекеттік нотариустың мөрі) не лицензияның нөмірі мен берілген күні (жекеше нотариустың мөрі) көрсетілген жеке мөрі, куәландыру жазбаларының мөртабандары және жеке бланкілері болады.

6. Нотариаттық іс жүргізу Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарына сәйкес жүргізіледі және Қазақстан Республикасының әділет министрлігі бекіткен Нотариаттық іс жүргізу туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

2-БӨЛІМ

2-ТАРАУ.

НОТАРИАТТЫҚ ІС-ӘРЕКЕТТЕРДІ ЖАСАУДЫҢ

НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІ

7. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгілі бір нотариустың оның қызметінің аумағы шегінде нотариаттық іс-әрекет жасауы тиіс екендігі туралы осы Нұсқаулықта көзделгеннен басқа жағдайларда кез-келген нотариус Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында нотариаттық іс-әрекет жасай алады.

8. Нотариус қызметінің аумағы мынадай нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде сақталады:

1) мұралық мүлікті қорғауға шаралар қолданғанда;

2) мұраға құқық туралы куәліктер бергенде;

3) жұбайлардың және ортақ бірлескен меншік құқығындағы мүлкі бар өзге де адамдардың ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер бергенде;

4) тіркеуге жататын жылжымайтын мүліктерді иеліктен алу және кепілге салу туралы құжаттарды куәландырғанда;

5) тұрғын үй құрылысы туралы шарттарды куәландырғанда.

9. Нотариаттық іс-әрекеттер нотариаттық кеңсенің үй-жайында, үй-жайдан тыс жерлерде де жасалуы мүмкін. Егер нотариаттық іс-әрекеттер нотариат кеңсесі немесе жеке қызметпен айналысатын, нотариус кеңсесі үй-жайынан тыс жерлерде жасалса, онда құжаттағы куәландыру жазбасында және нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеуге арналған тізілімде нотариаттық іс-әрекеттер жасалған орынның мекен-жайы және уақыты көрсетіле отырып жазылады.

Ескерту: 9-тармақ толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

10. Нотариаттық іс-әрекеттер бұл үшін барлық қажетті құжаттар табыс етіліп, мемлекеттік нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасаған жағдайда мемлекеттік баж салығы төленген не жекеше нотариустың нотариаттық іс-әрекеттеріне ақы төленген күні жасалады.

11. Нотариаттық іс-әрекеттерді жасау мынадай негіздер бойынша:

1) жеке және заңды тұлғалардан қосымша мәліметтерді талап ету қажет болғанда;

2) құжаттарды сараптамаға жібергенде;

3) басқа бір мүдделі адам куәландырмақшы болған құқықты немесе фактіні сотта даулаушы мүдделі адамның жазбаша өтініші бойынша кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл ретте нотариус қабылданған өтінішке оның қабылданған күні және өтініш беруші адамның жеке басын анықтағаны, сондай-ақ өтініш берген адамға сотқа жүгіну тәртібі мен мерзімін түсіндіргені жөнінде белгі соғады.

12. Нотариаттық іс-әрекет жасауды кейінге қалдыру туралы қаулы шыққан күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін ("Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 2-тармағы).

13. Мүдделі адамның арызы бойынша нотариаттық іс-әрекет арыз берілген күннен бастап он күннен аспайтын мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін ("Нотариат" Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 3-тармағы).

Егер осы мерзімнің ішінде соттан арыздың түскені туралы жазбаша хабарлама алынбаса нотариаттық іс-әрекет жасалуға тиіс.

Басқа бір мүдделі адам куәландыруды өтінген құқық пен фактіні даулаушы мүдделі адамның өтінішінің түскені туралы соттан жазбаша хабар алынған жағдайда, нотариаттық іс-әрекеттер жасау сот істі шешкенге дейін тоқтатыла тұрады ("Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 4-тармағы).

14. Нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаған кезде нотариаттық іс-әрекет жасауды өтінген азаматтың, оның өкілінің немесе заңды тұлға өкілінің жеке басын анықтайды.

Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын анықтау Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары берген Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігі бойынша жүргізіледі.

16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың жеке басын ата-анасы (асырап алушылар) кәмелетке толмағандардың тууы туралы куәлігінің негізінде анықтайды. Кәмелетке толмағандардың жеке басы кәмелетке толмағандардың өздері ұсынған тиісті құжаттармен анықталады. Бұған қоса 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтау және басқа да заңды өкілдер (қамқоршылар) арқылы жүзеге асырылады.

Егер осы мерзімнің ішінде соттан арыздың түскені туралы жазбаша хабарлама алынбаса нотариаттық іс-әрекет жасалуға тиіс.

Әскери қызметшілердің жеке басы әскери бөлімдер мен әскери мекемелердің командованиелері беретін әскери қызметшілердің жеке куәлігінің немесе әскери билетінің негізінде анықталады.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамның жеке басы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тұратын жері бойынша тіркелгені туралы белгі соғылған куәлігі бойынша анықталады.

Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келген азаматтығы жоқ адамның жеке басы оның тұратын елінің құзыретті органдары берген және белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының ішкі істер бөлімдерінде тіркелген, оның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты бойынша анықталады.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматының жеке басы жарамды ұлттық төлқұжаты мен Қазақстан Республикасында қоныстануға арналған уақытша ықтиярхат бойынша анықталады.

Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келген шетел азаматының жеке басы белгіленген тәртіппен тіркелген жарамды ұлттық төлқұжаты бойынша немесе оны ауыстыратын құжат бойынша анықталады.

15. Мәмілелерді куәландыруда және кейбір нотариаттық іс-әрекеттерді жасауда мәмілеге қатысушылар мен нотариаттық іс-әрекет жасауға тілек білдірген басқа адамдардың қойылған қолдарының түпнұсқалығы тексеріледі.

16. Мәмілелерді куәландырғанда азаматтардың әрекет қабілеттілігі және мәмілелерге қатысушы заңды тұлғалардың нотариаттық іс-әрекет жасау сәтіндегі құқық қабілеттілігі тексеріледі. Өкілмен мәміле жасау жағдайында оның өкілеттілігі тексеріледі.

Жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген жасы бойынша, сондай-ақ нотариуспен әңгімелесудің барысында анықталады.

17. Мәмілеге қатысушылардың кейбірінің жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмауы немесе өзін-өзі билей алмауы немесе спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарға салыну салдарынан өзінің отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшырататыны нотариустың болжамына негіз болса, ал адамның әрекет қабілеттілігі жоқ немесе әрекет қабілеттілігі шектелгені жөнінде мәліметтер болмаса, нотариус мәмілені жасауды он күнге кейінге қалдыра тұрады және адамды әрекет қабілеттілігі жоқ немесе әрекет қабілеттілігін шектелген деп тану туралы сот шешімінің бар-жоғын тексереді. Егер сот осындай шешім шығармаса, нотариус Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңына сәйкес, өзінің болжамы туралы соттың алдында осы адамды әрекет қабілеттілігі жоқ деп немесе әрекет қабілеттілігін шектеу жөнінде мәселе қоюға құқықты адамдардың біріне немесе ұйымдардың біріне хабарлайды және қабылданған шешім туралы хабарлауды өтінеді. Құзыретті адамдардың қабылдаған шешімдеріне қарай нотариус мәмілені не куәландырады, немесе оны сотта іс қаралғанға дейін тоқтата тұрады.

18. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғаның құқық қабілеті оны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен Жарғы (Ереже) бойынша анықталады. Заңды тұлғаның Жарғысында (Ережесінде) көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге қайшы келетін мәміле немесе басқа нотариаттық іс-әрекет куәландырылмайды.

19. Шетел заңды тұлғасының әрекет қабілеттілігі сауда тізілімінің көшірмесі немесе осы заңды тұлғаның белгіленген тәртіпте тіркелгендігін растайтын басқа құжаттар бойынша анықталады.

20. Заңды тұлға басшысының өкілеттілігі Жарғы (Ереже) бойынша тексеріледі.

Заңды тұлға өкілінің, сондай-ақ филиалдың (өкілдіктің) басшысының өкілеттілігі заңды тұлғаның атынан өкілетті орган берген сенімхат бойынша анықталады.

21. Жеке тұлға өкілінің өкілеттілігі заңмен белгіленген тәртіпте куәландырылған сенімхат бойынша немесе заңмен көзделген басқа құжаттардың негізінде тексеріледі.

22. Ата-аналардың өздерінің кәмелетке толмаған балаларының мүдделерін білдіру жөніндегі өкілеттіктері баланың тууы туралы куәлігі бойынша, қамқоршылыққа алынушыға (қорғаншылыққа алынушыға) қатысты қамқоршының (қорғаншының) өкілеттілігі қамқоршы және қорғаншы органдардың рұқсаты мен Әкімнің шешімі бойынша анықталады.

23. Нотариус куәландыратын мәмілелерге, өтініштерге және басқа құжаттарға нотариустың қатысуымен қатысушылардың қолдары ғана қойылмай, олардың өз қолымен жазған аты-жөндері де жазылады.

Ескерту: 23-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

24. Егер нотариаттық іс-әрекет жасауды өтінген жеке тұлға дене кемістігі салдарынан немесе әлдебір өзге себептермен өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша және оның қатысуымен, сондай-ақ нотариустың қатысуымен нотариаттық іс-әрекет жасауды өтінген азаматтың, бұл туралы құжаттың өзіндегі мәтінде және нотариус тексерген, куәландырған жазбасында белгі жасауды құжатқа қол қоя алмау себептерін көрсете отырып, мәмілеге, өтінішке немесе өзге құжатқа басқа азамат қол қоя алады.

Ескерту: 24-тармақ толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

25. Егер нотариаттық іс-әрекет жасауды өтінген азамат керең мылқау немесе керең әрі мылқау болса, онда нотариаттық іс-әрекет жасау кезінде мәмілеге қатысушы керең, мылқау, керең әрі мылқау азаматпен түсінісе алатын кез-келген сауатты адам міндетті түрде қатысуы және мәміленің мазмұны оның ниетіне сәйкес екендігін өзі қол қоюмен куәландыруы қажет.

26. Егер азамат сауатсыздығынан немесе дене кемістігінің (нашар көруі немесе мүлдем көрмеуі) салдарынан нотариаттық куәландырылатын құжаттың мазмұнымен таныса алмаса, онда нотариус оған құжаттың мәтінін оқып беруге міндетті, ол туралы құжатқа белгі қойылады.

27. Егер азамат нотариаттық іс жүргізу тілін білмесе, онда нотариаттық куәландырылатын құжаттың мәтіні оған осы тілді білетін нотариуспен немесе аудармашымен аударылып беруге тиіс, ол туралы құжатқа белгі қойылады.

28. Нотариаттық куәландырылатын немесе расталатын құжаттың мәтінінде құжаттың мазмұнына қатысты сандар мен мерзімдер ең болмағанда бір рет сөзбен жазылуға тиіс.

29. Егер нотариаттық іс-әрекет жасауды сұрап заңды тұлға жүгінсе, онда оның тұрған мекен-жайы, туған күні мен жері толық көрсетілуі тиіс.

Егер нотариаттық іс-әрекет жасауды сұрап жеке тұлға жүгінсе, онда оның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні және тұрған жері көрсетіледі, ал шетел азаматтары жөнінде - олардың азаматтығы, азаматтығы жоқ тұлғаларға - бұл жөнінде мәлімет көрсетіледі.

30. Нотариус нотариаттық іс-әрекет жасауға өшіріп тасталған не қосылып жазылған, сызылған сөздері және өзге де келісілмеген түзетулері бар құжаттарды, сондай-ақ қарындашпен жазылған құжаттарды қабылдамайды. Егер ұсынылған құжаттар екі не одан көп парақтардан тұрса, олар баулануы және оның парақты нөмірленуі, ал бауланған парақтардың саны құжат беруші ұйымның лауазымды адамының қолымен және мөрімен расталуы тиіс.

31. Нотариаттық куәландыратын құжаттың мәтіні анық, дәл жазылуға немесе басылуға тиіс. Сызылуға рұқсат етілмейтін шетелдерде әрекет етуге арналған құжаттардан басқа құжаттардағы бос жолдар және басқа ашық жерлері сызылып тасталынады. Қосып жазулар мен түзетулер мәмілеге қатысушылар мен құжатқа қол қойған басқа адамдар қол қойғанға дейін ескертілуі және куәландыру жазбасының алдында қайталануы қажет, сонымен бірге барлық түзетулер, қате жазылған, соңынан сызылып тасталған түзетулер бастапқы мәтінде оқылатындай болуы тиіс.

32. Тараптар қол қоймайтын құжаттың мәтініндегі түзетулер туралы куәландыру жазбасының соңында нотариус ғана ескертеді.

33. Егер куәландыруға немесе растауға жататын құжаттың мазмұны Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмесе немесе сауатсыз дайындалса, нотариус келген адамдарға оны түзетуді немесе жаңа құжат жасауды ұсынады. Жүгінген адамның өтініші бойынша құжатты белгіленген тарифтік ставкалар бойынша мемлекеттік нотариус немесе тараптардың келісімі бойынша жекеше нотариус ақы алып дайындауы мүмкін ("Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-тармағы).

34. Нотариус өзіне нотариаттық іс-әрекет жасату үшін келген адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, сондай-ақ олардың заңды білмегендігінен өздеріне зиян келмеуі үшін жасалған нотариаттық іс-әрекеттерінің салдары жөнінде ескертуге міндетті, ол туралы нотариустың немесе мүдделі адамдардың қалауы бойынша құжаттың мәтініне белгі қойылады ("Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 2-тармағы).

35. Мәмілелерді куәландырғанда, құжаттардың көшірмелері мен олардан алынған үзінділердің дұрыстығын, құжаттарға қойылған қолдың түпнұсқалығын, құжаттардың бір тілден екінші тілге дұрыс аударылғанын, құжаттардың берілген уақытын куәландырғанда тиісті құжаттарға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен нысандарда куәландыру жазбалары жасалынып, нотариустың қолы қойылып, мөрі басылады.

36. Куәландыру жазбалары анық басылған немесе қолдан анық жазылған болуы тиіс, өшіруге жол берілмейді, бос қалған жерлері сызылуы, қосып жазулар мен ескертілмеген түзетулер бұдан бұрын баяндалған ережелер бойынша ескертілуге тиіс ("Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 1-тармағы). Куәландыру жазбаларын жасау үшін тиісті жазу мәтіні бар мөртабандар қолданылады.

37. Егер куәландыру жазбасы тиісті құжатқа сыймай қалса, ол құжатқа қосылған парақта жалғастырылуы немесе толық жазылуы мүмкін. Бұл жағдайда құжаттың мәтіні көрсетілген беттер және куәландыру жазбасы бауланып тігіледі және нөмірленеді, парақтардың саны нотариустың қолымен расталып, мөрімен бекітіледі. Куәландыру жазбасын немесе оның жалғасын жазу үшін парақты қосып желімдеуге болады. Басылған мөрдің бір бөлігі желімделген бетке түсуі керек.

38. Мұрагерлік құқық, меншік құқығы, азаматтың тірі екендігі және белгілі бір жеке және заңды тұлғалардың басқа жеке және заңды тұлғаларға мәлімдеген жерінде болу фактілері куәландырылғанда, құжаттар сақтауға қабылданғанда тиісті куәліктер беріледі.

Ескерту: 38-тармақ өзгертілді - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

39. Барлық нотариаттық іс-әрекеттер тізілімде тіркеледі ("Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабы).

Тізілімдер, олардағы нотариаттық іс-әрекеттерді тіркегенге дейін бауланып тігілуге, нөмірленуге тиіс, парақтардың саны нотариустың қойған қолымен расталып, әділет аумақтық органының нотариат істері жөніндегі бөлімінің немесе аумақтық нотариат Палатасы қызметкерінің қолымен куәландырылуға тиіс, қол тиісті әділет органының немесе нотариат Палатасының мөрімен бекітіледі.

Нотариус өзі жасаған барлық нотариаттық іс-әрекеттер туралы мәліметтерді енгізетін жеке тізілім жүргізеді.

Ескерту: 39-тармақ толықтырылды, өзгертілді - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

40. Әрбір нотариаттық іс-әрекетке жеке реттік нөмір беріледі. Тізілімге нотариаттық іс-әрекет тіркелген нөмір нотариустың беретін куәліктерінде және құжаттардағы куәландыру жазбаларында көрсетіледі.

41. Нотариаттық іс-әрекетті тізілімге тіркеуді жазу нотариус куәландыру жазбасына немесе нотариус беретін құжатқа нотариус қол қойғаннан кейін ғана жүргізеді. Жазуларды қарындашпен жазуға жол берілмейді.

42. Нотариаттық іс-әрекет жасауға негіз болған құжаттар нотариуста қалдырылатын куәліктердің данасына немесе нотариаттық куәландырылатын мәміленің түпнұсқасына қосылады. Ұсынған адамдарға құжаттардың түпнұсқалары қайтарылуы қажет болған жағдайда, нотариус ол құжаттардың көшірмесін өзіне қалдырады. Нотариус істерінде қалатын құжаттың көшірмесінің дұрыстығы нотариустың түпнұсқаның көшірмесінің дұрыстығы, нотариустың қойған қолы, күні көрсетілген жазбасымен куәландырылады.

Ескерту: 42-тармақ өзгертілді - ҚР Әділет министрінің 2000 жылғы 20 қарашадағы N 527-к бұйрығымен.

43. Нотариус мынадай құжаттарды немесе олардың көшірмелерін:

1) заңды тұлғалардың атына және солардың атынан мәмілелерді (соның ішінде сенімхаттарды) куәландырғанда - заңды тұлғалардың жарғылары мен олар туралы ережелерді, сондай-ақ филиалдардың өкілдерінің өкілеттіктерін растайтын (нақты мәмілені жасауға берілген біржолғы сенімхаттардан басқа) құжаттарды;

2) иеліктен алу шарттарын куәландырғанда - автомотокөлік құралдарының техникалық паспорттарын, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті және автомотокөлік құралдарының өзге де тіркеу құжаттарын;

3)

Аталған құжаттардың бар екендігі туралы мәміленің нотариуста қалатын данасына, мұрагерлік құқық туралы және меншік құқығы туралы куәліктер беру туралы арыздарға белгі соғылады, бұдан кейін олар соларды ұсынған адамға немесе иеленушіге (мұрагерге) қайтарылады.