2004 ж. 6 шілдеде енгізілген өзгерістерге дейін қолданылған 50-баптың редакциясы
ҚР 27.09.96 ж. № 37-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1; 29.03.00 ж. № 42-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 50-бап өзгертiлдi
50-бап. Банк құпиясы
1. Банк құпиясына банк депозиторлары, клиенттерi мен корреспонденттерi банк шоттарының бар екендiгi, олардың иелерi мен нөмiрлерi туралы, сол есепшоттар мен банкiнiң өз есепшоттарындағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы, банк операциялары туралы (банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарынан басқа), сондай-ақ банкiнiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан клиенттер мүлiктерiнiң бар екендiгi, олардың иелерi, сипаты мен құны туралы мәлiметтер кiредi.
Таратылу процесiндегi банк берген несиелер туралы мәлiметтер банк құпиясына жатпайды.
2. Банкiлер өз депозиторларының, клиенттерi мен корреспонденттерiнiң операциялары мен депозиттерi жөнiндегi құпияға, сондай-ақ банкiлердiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлiктердiң құпиясына кепiлдiк бередi.
3. Өзiнiң қызмет мiндеттерiн жүзеге асыру барысында банк құпиясы болып табылатын мәлiметтер алуға мүмкiндiк алған банкiнiң лауазымды адамдары, қызметкерлерi және өзге адамдар оларды жария еткенi үшiн қылмыстық жауапты болады, бұған осы баптың 4-8-тармақтарында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
4. Банк құпиясы есепшоттың (мүлiктiң) иесiне, есепшот (мүлiк) иесiнiң жеке өзi банкiде болған сәтте берген жазбаша келiсiмi негiзiнде үшiншi адамға, сондай-ақ осы баптың 5-8-тармақтарында көрсетiлген адамдарға осы бапта көзделген негiздер бойынша және шекте ашылуы мүмкiн.