Қазақстан Республикасының
Заңы
«Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы»
(2006.07.07. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2009 жылғы 30 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық, экономикалық әрі ұйымдық негіздерін белгілейді және оны мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды.
1-тарау.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) инновация - өндірістің және қоғамды басқарудың түрлі салаларына енгізілуі экономикалық тұрғыдан тиімді және (немесе) әлеуметтік, экологиялық тұрғыдан маңызды болып табылатын, зияткерлік меншік объектісі болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі;
2) инновациялық грант - инновациялық жобаның тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерін орындау, техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау, өнеркәсіптік меншік объектісін шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда патенттеу үшін грант беруші мен грант алушы арасындағы шартпен көзделген жағдайларда бюджеттен берілетін трансферт;
3) инновациялық жоба - инновацияларды енгізуге бағытталған және инвестицияны көздейтін, сондай-ақ белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын және аяқталған сипаты бар іс-шаралар кешені;
4) инновациялық инфрақұрылым - Қазақстан Республикасы инновациялық қызметінің бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайтын мамандандырылған субъектілерінің жүйесі;
5) инновациялық қор - инновациялық жобаларды және инфрақұрылымды қаржыландыру, сондай-ақ инновациялық қызмет саласында қызметтер көрсету арқылы инновациялық қызметтің дамуына жәрдемдесетін заңды тұлға;