Қазақстан Республикасының
Заңы
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
(2010.02.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 10 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қара
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу саласындағы мақсаттарды, міндеттер мен құқықтық негіздерді айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басым мүдделер - осы Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және мемлекеттік тіркеусіз жарамды деп танылатын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары);
2) бұрын туындаған құқық (құқықтар ауыртпалығы) - 1996 жылғы 1 наурызға дейін туындаған және ол тиісті құқық туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы);