Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 69 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 31 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің өкімін жүзеге асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 16 қыркүйектегі № 1125 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 38, 356-құжат);
2) «Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші емес қызметкерлеріне және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қаңтардағы № 41 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 2-3, 14-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 25 қаңтардағы
№ 69 қаулысымен
бекітілген
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру
ұйымдары қызметінің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесі (бұдан әрі - мамандандырылған білім беру ұйымы) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызмет тәртібін айқындайды.