«Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 тамыздағы № 539 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 7 қыркүйектегі № 772 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру бағдарламаларының топтары - даярлау бағыттары бейінінің ортақтығымен біріктірілген және белгілі білім беру саласы шеңберінде кадрлар даярлауды қамтамасыз ететін білім беру бағдарламаларының жиынтығы;
2) білім беру гранты - «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім алушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен берілетін нысаналы ақша сомасы;
3) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
4) жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі - ЖАО) конкурстық комиссиясы - жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін ЖАО құратын комиссия (бұдан әрі - ЖАО комиссиясы);
5) республикалық конкурстық комиссия - білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі - республикалық комиссия);