«Көмірсутектер, уран өндіру саласында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезіндегі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 23 қарашадағы № 453 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 қарашадағы № 77 бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2022 жылғы 29 қарашадағы № 382 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2022 жылғы 30 қарашадағы № 101 бірлескен бұйрығы
БҰЙЫРАМЫЗ:
1. «Көмірсутектер, уран өндіру саласында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезіндегі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 23 қарашадағы № 453 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 қарашадағы № 77 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17797 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:
«Көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы»;
кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 141-бабының 5-тармағына, 143-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:»;
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«1. Мыналар:
1) осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезіндегі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;
2) осы бірлескен бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес көмірсутектерді барлауға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығына ие жеке немесе заңды тұлғаларға қатысты құрлықтағы көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі тексеру парағы;