Салықтық есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 2 қазандағы № 562 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 202-бабы 4 және 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Салықтық есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтары күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамаcында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Қаржы министрі | М. Такиев |
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 2 қазандағы
№ 562 бұйрықпен бекітілген
Салықтық есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Салықтық есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 202-бабы 4 және 7-тармағына, сондай-ақ «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 2-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді.