«Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1198 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1198 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 15 мамырдағы
№ 620 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу
қағидалары
1-тарау. Негізгі ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар:
1) азаматтарды мерзімді әскери қызметке;
2) запастағы офицерлерді әскери қызметке;
3) әскери жиынға;
4) жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) әскери команда - екі немесе одан да көп адамнан тұратын құрамда әскери қызмет өткеретін жерге бара жатқан әскери қызметшілер тобы;