Қазақстан депозитарлық қолхаттарын туынды бағалы қағаздар деп тану және
Қазақстан депозитарлық қолхаттарының шығарылымын мемлекеттік тіркеу
ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Басқармасының 2002 ж. 24 қазандағы № 421 қаулысы
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 6 желтоқсандағы № 430 қаулысымен күші жойылды
Бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамыту жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында, сондай-ақ "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы, "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 11 тамыздағы № 188 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 15-1-тармағының 4) тармақшасы негізінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының резиденттері-заңды тұлғалар осы Қаулының 2-6-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес шығаратын Қазақстан депозитарлық қолхаттары туынды бағалы қағаздар деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының:
1) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар;
2) шығарылған акциялары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының жоғары санатты ресми тізіміне енгізілген;
3) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйелері бар резиденті-заңды тұлғаның Қазақстан депозитарлық қолхаттарын шығаруға құқылы екендігі белгіленсін.
3. Шетелдік эмитенттің немесе ол шығарған, Қазақстан депозитарлық қолхаттарының шығарылымы жүзеге асырылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың "В"-дан ("Standard & Poor's" немесе "Fitch Rating Ltd" халықаралық рейтинг агенттіктерінің жіктеуі бойынша) немесе "В2"-ден ("Moody's Investors Service" халықаралық рейтинг агенттігінің жіктеуі бойынша) төмен емес рейтингтік бағасы болуы тиіс.