Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 қарашадағы № 1353 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 960 Қаулысымен күші жойылды
«Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығын қараңыз
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 139-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 18 қарашадағы
№ 1353 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жекелеген мемлекеттік білім беру кәсіпорындарының бірінші басшыларын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі - кәсіпорын) басшысын конкурстық іріктеу, тағайындау және аттестаттау тәртібін регламенттейді.
2. Кәсіпорынның басшысын конкурстық іріктеуді, тағайындауды және аттестаттауды, оның кандидатурасын келісуді тиісті саланың уәкілетті органдары (жергілікті атқарушы органдар) жүргізеді.