Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік авиацияның әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 25 бұйрығы
ҚР Қорғаныс министрінің 2012 жылғы 15 ақпандағы № 62 бұйрығымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістіктерін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік авиацияның әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру ережесі бекітілсін.
2. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Бұйрық адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі армия генералы | М. Алтынбаев |
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2005 жылғы 25 қаңтардағы
№ 25 бұйрығымен
бекітілген
Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік
авиацияның әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік авиацияның әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әуе кеңістіктерін пайдалану және авиация қызметі туралы», «Сертификаттау туралы» Заңдарына және мемлекеттік авиация саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген.
2. Ереже мемлекеттік авиация әуеайлақтарын сертификаттауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
3. Сертификаттауға әуеайлақтардың әуе кемелерінің ұшырылуы, қонуы, орналастырылуы, қызмет көрсету және сақтау қауіпсіздігін, сондай-ақ авиациялық бөлімдердің, бөлімшелердің базалануын қамтамасыз ететін барлық көрсеткіштері жатады.
4. Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: