«Нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін
әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы»
Алматы қаласының әкімдігінің 2006 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 8/1573 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 16 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қосымша берілген әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеу тәртібі бекітілсін.
2. Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменті нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілермен келісім шартқа отыруға уәкілетті болып табылсын.
3. Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменті:
уәкілетті органда тіркелген, нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмыс берушілер ұйымдастырған әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуді жүзеге асырсын;
осы мақсатқа әр жылға арналған қала бюджетінде көзделген қаражат шегінде жұмыс берушінің жұмыссыздардың еңбегіне төлеген шығынының ішінара төлемін өтесін.