Маңғыстау облысының су нысандарында суды ортақ пайдаланудың Қағидасы туралы
Маңғыстау облыстық мәслихатының 2009 жылғы 27 қарашадағы № 21/233 шешімі
Қазақстан Республикасы Су кодексінің 38-бабы 1) тармақшасына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қоса беріліп отырған Маңғыстау облысының су нысандарында суды ортақ пайдаланудың Қағидасы бекітілсін.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихаттың
2009 жылғы 27 қарашадағы
№ 21/233 шешімімен бекітілді
Маңғыстау облысының су нысандарында суды ортақ пайдаланудың
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Су нысандарында суды ортақ пайдаланудың осы Қағидасы (әрі қарай - Қағида) Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 38-бабының 1) тармақшасына, 65-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Жалпы су пайдалануға жататын су объектілері:
техникалық құралдарды пайдаланбай жерүсті көздерінен су алу;
рекреациялық мақсатта (демалыс үйлерін, пансионаттар және т.б. ұйымдастырмай), жаппай демалыста, туризм мен спорттық мақсаттарда;
ескекті және желкенді қайықтармен жүзу;
мал суару.
3. Суды ортақ пайдалану жалпы су пайдалану объектілерінде де, сол сияқты ортақ пайдалануға жатпайтын су объектілерінде де жүргізілуі мүмкін және рұқсатнама талап етілмейді.
4. Азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су объектілерінің иелері, су пайдаланушылар мен ұйымдардың міндеттері және жауапкершіліктері (меншік түріне тәуелсіз) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамамен анықталады.
5. Су пайдаланушылар су қорғау іс-шараларын жүзеге асыруға, белгіленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына жол бермеуге, жерүсті және жерасты суларынан су жинау алаңының ластануына жол бермеуге, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органның және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөніндегі уәкілетті органның тиісті негіздемесі мен шешімінсіз ауыз суды өндірістік және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермеуі қажет.