ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1119 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2011.31.03. № 336 Қаулысымен стандарт жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 26 ақпандағы
№ 140 қаулысымен
бекітілген
«Тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қозғайтын
мәмілелерді ресімдеу үшін қорғаншылар мен қамқоршылар органдарының анықтамаларын беру»
мемлекеттік қызмет стандарты
(2011.01.12. берілген өзгерістермен)
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік қызмет осы стандарттың 1, 2-қосымшаларына сәйкес Астана қаласының білім басқармасы, қалалық және аудандық білім бөлімдері (бұдан әрі - білім бөлімдері), сондай-ақ баламалы негізде халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі - орталықтар) арқылы көрсетіледі.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 22 - 24-баптары, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 3-тармағы, «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 58, 114-баптары және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мемлекеттік мекемелерін - халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 қаңтардағы № 1 қаулысы негізінде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызмет тәртібі туралы толық ақпарат тізбесі осы стандарттың 1, 2-қосымшаларында көрсетілген білім бөлімдері мен орталықтардың фойесінде, сондай-ақ көрсетілген ұйымдардың интернет-ресурстарында орналасады.
5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің аяқталу нысаны 4-қосымшаға сәйкес тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қозғайтын мәмілелерді ресімдеу үшін қорғаншылар мен қамқоршылар органдарының анықтамаларын беру (бұдан әрі - анықтама) не қызмет көрсетуден бас тартудың дәлелді жауабын ұсыну болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға (бұдан әрі - тұтынушы) көрсетіледі.