Қазақстан Республикасында Білім және ғылым министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
Қазақстан Республикасы үкіметінің 2011 жылғы 19 ақпандағы № 160 Қаулысы
Осы редакция 2011 жылғы 5 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 19 ақпандағы
№ 160 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған
стратегиялық жоспары
1-бөлім. Миссиясы мен пайымдауы
Миссиясы: бәсекеге қабілеттілікті және тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру.
Пайымдауы: жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт.
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау және тиісті қызмет салаларының (аяларының) даму үрдістері
1. 1-стратегиялық бағыт. Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету
1.1. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту
1.1.1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
2010 жылы республикада контингенті 446,4 мың баланы құрайтын 6 446 мектепке дейінгі ұйым (2 261 балабақша және 4 185 шағын орталық) жұмыс істеді. Бұл мектеп жасына дейінгі (1 жастан 6 жасқа дейінгі) барлық балалардың 41,6 %-ын қамтиды.