Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2010 жылғы 23 маусымдағы № 282 бұйрығы
(2012.20.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы және Астана, Алматы қалалары, облыстардың ішкі істер департаменттерінің бастықтары ішкі істер органдары жеке құрамының осы бұйрықты зерделеуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А. В. Кулиничке жүктелсін.
5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2010 жылғы 23 маусымдағы
№ 282 бұйрығымен бекітілген
Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары мен олардың
көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі ереже (бұдан әрі -Ереже) ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары (бұдан әрі - учаскелік инспектор) мен олардың көмекшілерінің жұмысын ұйымдастырудың құқықтық негізін, негізгі бағыттарын, мақсаты мен міндеттерін, сондай-ақ олардың міндеттерін айқындайды.
2. Учаскелік инспектор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған жүктелген міндеттерді өз құзыреті шегінде атқаратын, қызмет көрсететін әкімшілік учаскедегі аумақтық ішкі істер органының негізгі өкілі болып табылады.