Қостанай облысы әкімдігінің 2013 жылғы 20 қарашадағы № 508 Қаулысымен күші жойылды
Қостанай облысы әкімдігінің
2012 жылғы 21 маусымдағы
№ 292 Қаулысымен бекітілді
«Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу»
мемлекеттік қызмет көрсету регламентi
1. Жалпы ережелер
1. «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері (бұдан әрі - уәкілетті орган), сондай-ақ балама негізде халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі - орталық) көрсетеді.
2. Мемлекеттік қызмет «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңының 22-бабы 1-тармағының, «Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 қаулысымен бекітілген «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандарты (бұдан әрі - Стандарт) және «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысымен бекітілген Мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету ережесінің негізінде ұсынылады.
3. Осы мемлекеттік қызмет көрсету регламентінде (бұдан әрі - Регламент) мынадай терминдер пайдаланылады:
1) тұтынушы - Стандарттың 6-тармағында көрсетілген жеке тұлға;
2) мүгедек - тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;