Осы редакция 2012 жылғы 12 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2011 жылғы 13 сәуірдегі
№ 127-ө бұйрығына
1-қосымша
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау»
мемлекеттік қызмет көрсету регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау» мемлекеттік қызмет көрсету регламенті (бұдан әрі - Регламент) «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 4-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Регламентте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері (бұдан әрі - ЗТМО-дан төленетін зейнетақы төлемдері) - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай жұмыс стажы бар жеке тұлғаларға, еңбек стажына барабар жүзеге асырылатын ақша төлемі;
2) зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - департаменттер) - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі комитетінің аумақтық органдары;
3) ЗТМО-дан зейнетақы төлемдерін алушы (бұдан әрі - тұтынушы) - мемлекеттік қызмет көрсетілетін жеке тұлға;
4) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (бұдан әрі - Орталық) - Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының шарттары негізінде функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттеген заңды тұлға;
5) Орталықтың филиалы - Орталықтың облыстық, Астана мен Алматы қалаларының филиалдары;
6) Орталықтың бөлімшелері - Орталықтың қалалық, аудандық бөлімшелері;
7) ОДҚ - Орталықтың орталық дерекқоры.
3. Мемлекеттік қызметті Орталықтың аудандық, қалалық бөлімшелері көрсетеді.