Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы
Осы редакция 2014 жылғы 2 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыру, халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Барлық деңгейдегі әкімдер халыққа есеп беру кездесулерін өткізіп, олардың барысында елде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуы, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің есепті кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, оны одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы хабардар етсін.
2. Халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің мынадай мерзімділігі белгіленсін:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері - жыл сайын бірінші тоқсан ішінде;
2) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), қалалардағы аудандардың әкімдері - жартыжылдықта бір рет, бірінші және үшінші тоқсандар ішінде;
3) аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, сондай-ақ кенттер мен ауылдардың әкімдері тоқсанына бір рет, тоқсанның бірінші айының ішінде.