ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2016.27.05. № 239 бұйрығымен (бұр.ред.қара); 2023.28.07. № 277 бұйрығымен (2023 ж. 14 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-қосымша жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2014 жылғы 10 қазандағы
№ 3-3/517 бұйрығына
1-қосымша
Өнімділіктің сүтті және сүтті-етті бағыттарындағы ірі қара малды бонитирлеу жөніндегі
нұсқаулық
(2023.14.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Өнімділіктің сүтті және сүтті-етті бағыттарындағы ірі қара малды бонитирлеу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және өнімділіктің сүтті және сүтті-етті бағыттарындағы ірі қара малға бонитирлеу жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Сүтті және сүтті-етті бағыттарындағы ірі қара малды бонитирлеуді бонитерлер (сыныптаушылар) жүргізеді.
2-тарау. Өнімділіктің сүтті және сүтті-етті бағыттарындағы ірі қара малды бонитирлеу жүргізу тәртібі
3. Өнімділіктің сүтті және сүтті-етті бағыттарындағы ірі қара малды (бұдан әрі - ІҚМ) жыл бойы бонитирлейді:
1) бұқаларды жылына бір рет;
2) сиырларды сауын маусымы аяқталғаннан кейін;
3) қашарлар мен асыл тұқымды бұқашықтарды алты айлық жастан бастап.
Бонитирлеу нәтижелері бойынша 1 қарашадағы жай-күй бойынша есеп жасалады.
4. ІҚМ бонитирлеу кезінде жануарларды тиiстi сынып бере отырып, шаруашылыққа пайдалы белгілер кешенi (тұқымдылығы, өнiмдiлік сапалары, сыртқы тұрпаттық-бiтiмдiк ерекшелiктерi) бойынша бағалау жүргізіледі.
Бонитирлеу алдында:
1) жануарлардың жеке нөмірлерін тексеру, нақтылау және қалпына келтіру;
2) жануарлардың салмағын өлшеу (таңертең азықтандырылғанға дейін);
3) асыл тұқымдық есепке алу жазбаларын нақтылау.
5. Бонитер-сыныптаушы жануарларды бонитирлеу туралы деректерді селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қорына (бұдан әрі - САТЖАҚ ) енгізеді.