Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы
Алматы қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 23 қаңтардағы № 1/1-18 Қаулысы
Осы редакция 2025 жылғы 23 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабына, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес және Алматы қаласы Жер комиссиясының 2020 жылғы 26 маусымдағы № 16 қорытындысының негізінде, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Төле би көшесін ұзарту үшін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін орналасқан Наурызбай аудандағы жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты, жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүліктерді осы қаулының қосымшасына сәйкес мәжбүрлеп иеліктен шығару басталсын.
2. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін болып белгіленсін.
3. Меншік иелері жүгінетін орын Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Абай даңғылы, 90, 801-кеңсе болып белгіленсін.
4. Алматы қаласы әкімінің аппараты осы қаулыны қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Алматы қаласы әкімдігінің интернет-ресурсын қоса алғанда, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
5. Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы:
1) заңнамамен белгіленген тәртіпте меншік иелерін ескертсін және жер учаскелерінің меншік иелеріне өтемақы төлеуді қамтамасыз етсін;
2) жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша іс-шараларды аяқтағаннан кейін жер учаскелерін Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасының теңгеріміне берсін;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де қажетті шараларды қабылдасын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
| Алматы қаласының әкімі | Е. ДОСАЕВ |
Алматы қаласы әкімдігінің
2024 жылғы 23 қаңтардағы
№ 1/1-18 қаулысына
қосымша