Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 674 бұйрығы
Осы редакция 2017 жылғы 15 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62 - бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары жыл сайын 20 қаңтардан кешіктірмей Стратегиялық даму департаментіне Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру барысы туралы ақпаратты беруді қамтамасыз етсін.
3. Стратегиялық даму департаменті стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есепті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің веб-порталында есепті жылдан кейінгі жылдың 20 ақпанынан кешіктірмей орналастыруын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
5. Осы бұйрық 2017 жылғы 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
КЕЛІСІЛДІ:
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Қ. Бишімбаев
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017 - 2021 жылдарға арналған
стратегиялық жоспары
1-бөлім. Миссиясы мен пайымы
Миссиясы. Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне жәрдемдесу және бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Пайымы. Мемлекеттің, халықтың және бизнестің мүдделерін тиімді қамтамасыз етуге бағытталған орнықты мемлекеттік қаржы жүйесі.
Бүгінде Қазақстан әлемдік экономика процестерінің құбылмалылығы жағдайларында өз дамуының жаңа шындықтарына тап келуде, бұл шикізат ресурстарының, негізгі резервтік валюталар құнының қатты өзгермелігі, дамушы елдердің өсу қарқынының баяулауы, санкциялық саясаттар, сондай-ақ геосаяси қауіп-қатерлер.