«G4 City» арнайы экономикалық аймағын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 211 Қаулысы
Осы редакция 2023 жылғы 26 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2048 жылға дейінгі кезеңге «G4 City» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - «G4 City» АЭА) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) «G4 City»АЭА туралы ереже;
2) «G4 City» АЭА-ның нысаналы индикаторлары бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 15 наурыздағы
№ 211 қаулысымен бекітілген
«G4 City» арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ
1 - тарау. Жалпы ережелер
1. «G4 City» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - «G4 City» АЭА) Алматы облысының А3 (Алматы - Қонаев) 80 километрлік тас жолының бойында Алматы қаласының солтүстігінде, осы Ережеге қосымшаға сәйкес шекараларда орналасқан.
«G4 City» АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 30 мың гектарды құрайды.
2. «G4 City» АЭА:
1) Өңірдің дамуына жаңа серпін беретін «G4 City» жобасын іске асыру шеңберінде отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы инвестициялық ахуалмен қамтамасыз ету;
2) Өңірге келетін қазақстандық және шетелдік азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті, қазіргі заманғы жоғары тиімді, бәсекеге қабілетті туристік, медициналық, білім беру, мәдени-демалыс инфрақұрылымын жедел дамыту, Алматы облысында қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастырумақсатында құрылады.
3. «G4 City» АЭА қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі.