Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің стандартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 тамыздағы № 421 бұйрығы
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 1-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 248 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 27-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті белгіленген мерзімдерде осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Министрдің міндетін атқарушы | К. Ақатов |
Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің
міндетін атқарушының
2023 жылғы 17 тамыздағы
№ 421 бұйрығымен
бекітілген
Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің
стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің стандарты (бұдан әрі - ПББАС) педагогтің білім сапасына, сапаны қамтамасыз етудің ішкі және сыртқы жүйелерін қалыптастыру мен жұмыс істеуіне белгіленген нормалар мен талаптардың жиынтығы болып табылады.
2. ПББАС Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орыннан кейінгі білім жүйесін және педагог дайындайтын әрбір жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) білім сапасын арттыруға бағытталған.