«Аяқ киім тауарларын таңбалау мен қадағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 518 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2024 жылғы 26 қарашадағы № 404 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Аяқ киім тауарларын таңбалау мен қадағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 518 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24624 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Аяқ киім тауарларын таңбалау мен қадағалау қағидаларында:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) аяқ киім тауарлары - ЕАЭО СЭҚ ТН 6401 - 6405 кодтары бойынша «Аяқ киім» тауар тобына жататын және фасоны мен өлшеміне, нақты мақсатына, өндіру тәсіліне немесе оның дайындалған материалдарына қарамастан, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің м.а. 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 343-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35129 болып тіркелген) (бұдан әрі - Бұйрық) айқындалатын Таңбалануға жататын тауарлар тізбесіне енгізілген аяқ киімнің әртүрлі түрлерін айқындайтын өнім;»
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Өндірушілер Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген аяқ киім тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды тауарды жаңа меншік иесіне немесе өзге тұлғаға бастапқы өтеулі немесе өтеусіз бергенге дейін жүзеге асырады.
Импорттаушы және уәкілетті экономикалық оператор Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген аяқ киім тауарларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелгенге дейін немесе аяқ киім тауарларын ішкі тұтыну немесе кері импорт үшін шығарудың кедендік рәсімдерімен орналастырғанға дейін таңбалауды қамтамасыз етеді.