«Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған жұмыстарды қабылдау» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 242 бұйрығы
(2026.01.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2025.24.10. № 495 бұйрығымен тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша «сыйлықтарды» деген сөз «сыйлықақыларды» деген сөзбен ауыстырылды (2025 ж. 29 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2024.24.04. № 188 бұйрығымен (2024 ж. 10 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2026.17.08. № 392 бұйрығымен (2026 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) кіріспе жаңа редакцияда
«Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған жұмыстарды қабылдау» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.