Мақсаттарға қол жеткізу блогы бойынша операциялық бағалау әдістемесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 3-НҚ және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 6 мамырдағы № 218 бірлескен нормативтік қаулысы мен бұйрығы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесінің 27-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Мақсаттарға қол жеткізу блогы бойынша операциялық бағалау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы аппаратының Жоспарлау және сертификаттау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен нормативтік қаулы мен бұйрықтың қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы бірлескен нормативтік қаулы мен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті осы бірлескен нормативтік қаулы мен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.