Аудиторлардың біліктілігін арттыру Қағидаларын, аудиторлардың біліктілігін арттыру курстарынан өткені туралы сертификат алу тәртібі мен нысанын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 514 бұйрығы
Осы редакция 2023 жылғы 25 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 9-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған аудиторлардың біліктілігін арттыру қағидалары, аудиторлардың біліктілігін арттыру курстарынан өткені туралы сертификат алу тәртібі мен нысаны бекітілсін.
2. Күші жойылды деп танылсын:
1) «Аудиторлардың біліктілігін арттыру курсынан өткені туралы сертификаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2006 жылғы 31 шілдедегі № 278 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4337 болып тіркелген);
2) «Аудиторлардың біліктілігін арттыру курсынан өткені туралы сертификаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2006 жылғы 31 шілдедегі № 278 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 9 қарашадағы № 486 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8131 болып тіркелген).
3. Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2021 жылғы 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.