Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес құру туралы
(2017.20.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2018 жылғы 30 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Кеңес туралы ереже бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті ұйымдастыру және өзге де шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2014 жылғы мамырдың 26-ы.
№ 823
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 26 мамырдағы
№ 823 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың (бұдан әрі - Тұжырымдама) іске асырылуын мониторингтеу және бағалау, мониторингтеу және бағалау базасында тиісті ұсынымдар әзірлеу, экономиканы «жасыл» әрі орнықты даму қағидаттарында жаңғыртуды қамтамасыз ететін Тұжырымдаманы іске асыру стратегиясын, тактикасы мен тетіктерін айқындау мақсатында құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.