Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2022 жылғы 11 ақпандағы
№ ҚР ДСМ -13 бұйрығына 2-қосымша
«Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
(2023.22.04. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2023.05.04. № 60 бұйрығымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 22 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы «Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің (бұдан әрі - Ереже) 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес әзірленген және объектілерді салу үшін жер учаскесін таңдауға, өндірістік үй-жайларды, ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, күтіп-ұстауға және пайдалануға, еңбек жағдайларына, тұрмыстық қызмет көрсетуге, медициналық қамтамасыз етуге және тамақтануға, сумен жабдықтауға, суды бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге және ауа баптауға, адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына және көмір өнеркәсібі объектілерін өндірістік бақылауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды анықтайды.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылды:
1) анкерлеу - арнайы бөлшектермен (металл, темір бетон, ағаш өзектер) машиналар мен құрылыстардың бөліктерін бекіту;
2) байыту фабрикасы - техникалық құнды немесе кейін қайта өңдеуге жарамды өнімдерді алуға арналған минералды шикізатты алғашқы өңдеуден өткізетін объект;
3) брикет фабрикасы - көмірді арнайы жабдықтардың көмегімен брикеттеу жүргізілетін кәсіпорын;
4) брикеттеу - кейін қолдану кезінде шығынды азайту мақсатында байланыстырушы заттарды қосу немесе қоспау арқылы қоспаларды нығыздай отырып, қажетті мөлшердегі және қалыптағы брикет кесектерін алу;