"Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу жариялылығы принципін соттардың
сақтауы туралы" және "Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық іс жүргізу
заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Сотының нормативтік қаулыларына түсініктеме
Конституцияға және "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 22-бабына сәйкес, Жоғарғы Сот заңнаманы сот практикасында қолдану мәселелері бойынша түсініктеме беретін жалпыға бірдей нормативтік қаулыларды қабылдауға құқылы.
Жоғарғы Сот, өзектілігі мен практикалық қажеттілігін ескере отырып, соттардың сот ісін жүргізу жариялылығы принципін сақтауы және сезіктінің, айыпкердің, сотталушының, сотталғанның қорғану құқығын қамтамасыз етуі жөніндегі сот тәжірибесін қорытты.
Жоғарғы Соттың жалпы отырысы қылмыстық процесс принциптерін, оның ішінде жариялылық пен қорғану құқығын қамтамасыз етуді бұзудың, сипаты мен мәніне қарай, іс жүргізуді жарамсыз деп тануға, шығарылған шешімдерді бұзуға не осы орайда жиналған материалдарды дәлелдемелік күші жоқ деп тануға әкеп соғатынын негізге алды. Осыған байланысты соттар жариялылықты заңсыз шектеу жағдайларына жол бермеуге, барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттелді. Жоғарғы Сот жариялылықтың процеске қатысушылардың істің барлық материалдарымен танысуын, сот шешімінің көпшілікке жариялануын, тараптардың процеске қатысушы басқа адамдардан түскен шағымдармен танысуын және олар туралы хабардар болуын, соттың кез келген сатысында істің қаралатын уақыты мен орны туралы және қабылданған сот актілерінің орындалуы туралы құлағдар болуды қамтамасыз ететінін бекітіп берді. Жариялылықтың өзі судьялар мен бүкіл сот жүйесінің ашықтығы мен көрнекілігін білдіреді.