Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидатын сақтау туралы
2002 жылғы 6 желтоқсан № 25 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы
(2024.17.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Жоғарғы Сотының 2024.29.11. № 6 Нормативтік қаулысымен тақырып және тақырыптағы деректемелер өзгертілді (2024 ж. 17 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Түсініктемені қараңыз
ҚР Жоғарғы Сотының 2017.31.03. № 3 Нормативтік қаулысымен бүкіл мәтін бойынша «ҚІЖК-нің» деген сөз «ҚПК-нің» деген сөзбен ауыстырылды, «процессуалдық» деген сөз «процестік» деген сөзбен ауыстырылды, «өтініш», «өтініші», «өтініштерді», «өтініштер», «өтінішті» деген сөздер тиісінше «өтінішхат», «өтінішхаты», «өтінішхаттарды», «өтінішхаттар», «өтінішхатты» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің сақталуы жөніндегі сот практикасын зерделеу республика соттарының қылмыстық істердің басым көпшілігін ашық сот отырыстарында қарайтынын, ал жабық сот отырыстарын өткізу кезінде заңмен белгіленген талаптарды басшылыққа алатынын көрсетті. Сонымен бірге сот ісін қараудың жариялылығын заңсыз шектеу жағдайлары да орын алуда.
Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Жоғарғы Сотының 2014.24.12. № 4 Нормативтік қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 29-бабында бекітілген сот ісін жүргізудің жариялылығы принципі басқа да принциптер жиынтығымен бірге, қылмыс жасаған адамдарды анықтауға және жауаптылыққа тартуға, сот ісін әділетті жүргізуге, қылмыстық заңды дұрыс қолдануға бағытталған қылмыстық процесс міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Осыған орай, соттар бұл принципті кеңінен іске асырып, барлық мүдделі адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіруін қамтамасыз етулері қажет.