Введите номер документа
Прайс-листВидеоинструкция
Старая версия сайта

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 5 маусымдағы № 297-VIII Конституциялық Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Информация о документе
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 5 маусымдағы № 297-VIII Конституциялық Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Документ входит в комплект(ы):

Документы на государственном языке, Мастер, СтройМастер, Профессиональная правовая информация, Юрист-VIP

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы

 

 

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Құрылтайдың мəртебесі

2-бап. Құрылтай қызметінің құқықтық негіздері мен қағидаттары

3-бап. Құрылтайдың өкілеттік мерзімi

4-бап. Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату

5-бап. Құрылтайдың құрамы

6-бап. Құрылтайдың өкілеттігі

7-бап. Құрылтайдың жұмыс тілдері

8-бап. Құрылтайдың халықаралық ынтымақтастығы

2-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ НЫСАНДАРЫ

9-бап. Құрылтай сессиялары

10-бап. Құрылтай отырыстары

11-бап. Құрылтай Төрағасы

12-бап. Құрылтайдың үйлестіру органы

13-бап. Құрылтайдың жұмыс органдары

14-бап. Құрылтай жанындағы консультативтік-кеңесші органдар

15-бап. Құрылтай өткізетін тыңдау

16-бап. Үкімет сағаты

3-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ АКТІЛЕРІ

17-бап. Құрылтай актілері

18-бап. Құрылтай Регламенті

4-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ЗАҢ ШЫҒАРУ ПРОЦЕСІ

19-бап. Заң шығаруға бастама жасау

20-бап. Құрылтайдың заң қабылдау жөніндегі құзыреті

21-бап. Құрылтайдың заң жобаларын қарауының кезектілігі мен мерзімдері

22-бап. Конституциялық заңдарды, заңдарды жəне Құрылтай қаулыларын қабылдау

23-бап. Заңдарды Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсыну

24-бап. Құрылтайдың Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығын қарауы

25-бап. Заң жобаларын қабылдамай тастау

26-бап. Заң жобаларын кері қайтарып алу

5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫН ТАҒАЙЫНДАУҒА КЕЛІСІМ БЕРУ, ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯЛАРЫН САЙЛАУ ЖƏНЕ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ, СОНДАЙ-АҚ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫН ЖƏНЕ ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯЛАРЫН ҚОЛ СҰҒЫЛМАУ КЕПІЛДІГІНЕН АЙЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІКТЕРДІ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ

27-бап. Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарын тағайындауға Құрылтайдың келісім беруі

28-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау жəне лауазымынан босату

29-бап. Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру

6-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҮКІМЕТПЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ

30-бап. Үкімет мүшелерін тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Құрылтаймен консультация өткізу

31-бап. Үкімет мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есебі

32-бап. Премьер-Министрдің Үкімет қызметі туралы баяндамасы

33-бап. Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру

34-бап. Құрылтай депутаттарының заң жобалары мен түзетулеріне Үкіметтің беретін қорытындысы

7-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИТЕТТЕРІ МЕН КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

35-бап. Құрылтайдың тұрақты комитеттері

36-бап. Тұрақты комитеттердің төрағалары

37-бап. Тұрақты комитеттердің өкілеттіктері

38-бап. Тұрақты комитеттердің отырыстары

39-бап. Құрылтай комиссиялары

8-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ДЕПУТАТТЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

40-бап. Депутаттық бірлестіктердің түрлері

41-бап. Саяси партияның фракциясы

42-бап. Депутаттық топ

43-бап. Құрылтайдағы көпшілік жəне оппозиция

9-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ МƏРТЕБЕСІ

44-бап. Құрылтай депутаты

45-бап. Депутаттық куəлік жəне депутаттың төсбелгісi

46-бап. Құрылтай депутатының өкілеттігi

47-бап. Депутаттың Құрылтай жұмысына қатысуы

48-бап. Депутаттық сауалдар мен сұрақтар

49-бап. Құрылтай депутатының лауазымды адамдардың тарапынан кідіртпей қабылдануға құқығы

50-бап. Құрылтай депутаттарының қызметін ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету

51-бап. Құрылтай депутаттарының қызметін материалдық, қаржылық жəне əлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету

52-бап. Құрылтай депутатының өкілеттігін жүзеге асыруына кепілдіктер

53-бап. Депутатқа ешкімнің тиіспеуі

54-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкін жазалау шаралары

10-тарау. ДЕПУТАТТЫҚ ƏДЕП

55-бап. Депутаттық əдеп қағидалары

56-бап. Депутаттық əдеп жөніндегі кеңес

11-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

57-бап. Құрылтай қызметін қаржыландыру

58-бап. Құрылтай Аппараты

12-тарау. ӨТПЕЛІ ЖƏНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

59-бап. Өтпелі ережелер

60-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тəртібi

 

 

 

Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сəйкес Қазақстан Республикасы Құрылтайының ұйымдастырылуы мен қызметін, оның депутаттарының құқықтық жағдайын айқындайды.

 

 

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап. Құрылтайдың мəртебесі

Қазақстан Республикасының Құрылтайы - заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы.

 

2-бап. Құрылтай қызметінің құқықтық негіздері мен қағидаттары

1. Құрылтай өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламентіне сəйкес жүзеге асырады.

2. Құрылтай өз қызметін Құрылтай сессияларында, оның органдары мен депутаттарының жұмысы арқылы іске асырады.

3. Құрылтайдың қызметі заңдылық, алқалылық, жариялылық, саяси əралуандық жəне оның депутаттарының теңдігі қағидаттарына негізделеді.

 

3-бап. Құрылтайдың өкілеттік мерзімi

1. Құрылтайдың өкілеттік мерзімі кезекті шақырылған Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі бойынша айқындалады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл.

2. Кезекті шақырылған Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады жəне келесі шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.

 

4-бап. Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату

1. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен жəне Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратуға құқылы.

2. Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

3. Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрылтайды тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн көрсетілген бір жылдық мерзімнің басталған кезі болып саналады. Бұл мерзім келесі жылдың тиісті айында жəне күнінде аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні көрсетілмеген айға тұспа-тұс келсе, онда мерзім сол айдың соңғы күнінде аяқталады.

 

5-бап. Құрылтайдың құрамы

1. Құрылтай жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе бойынша сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

2. Құрылтай депутаттарын сайлау тəртібі конституциялық заңда белгіленеді.

 

6-бап. Құрылтайдың өкілеттігі

Құрылтай:

1) конституциялық заңдарды жəне заңдарды қабылдайды;

2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қайта талқылап, дауысқа салады;

3) соғыс жəне бітім мəселелерін шешеді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;

6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;

8) Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;

9) Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауына келісім береді;

10) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлайды жəне лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды;

11) Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айырады;

12) Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен Құрылтай депутатын қол сұғылмау кепілдігінен айыру мəселесін шешеді;

13) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы;

14) Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;

16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылайды жəне бекітеді;

17) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есебін тыңдауға құқылы;

18) өз құзыретіндегі мəселелер бойынша тыңдау жəне үкімет сағатын өткізеді;

19) өз қызметінің регламентін қабылдайды жəне Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыруға, ішкі тəртібіне байланысты мəселелер бойынша өзге де шешім қабылдайды;

20) Құрылтайдың үйлестіру органын жəне жұмыс органдарын құрады;

21) Құрылтай комиссияларын құрады, төрағаларын сайлайды жəне лауазымынан босатады, комиссиялардың қызметі туралы есепті тыңдайды;

22) Құрылтайға Қазақстан Республикасының Конституциясымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

7-бап. Құрылтайдың жұмыс тілдері

Құрылтай жұмысында тілдер Қазақстан Республикасының Конституциясына жəне Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сəйкес пайдаланылады.

 

8-бап. Құрылтайдың халықаралық ынтымақтастығы

Құрылтай шет мемлекеттердің парламенттерімен, халықаралық жəне парламентаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты Құрылтай Регламентінде көзделген тəртіппен жүзеге асырады.

 

 

2-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ НЫСАНДАРЫ

 

9-бап. Құрылтай сессиялары

1. Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.

2. Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.

3. Құрылтайдың Төрағасы сайланғанға дейін оның бірінші сессиясының отырыстарына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етеді.

4. Құрылтайдың кезекті сессиясы жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күні мен маусымның соңғы жұмыс күні аралығында өткізіледі.

Демалыс немесе мереке (ұлттық жəне мемлекеттік мерекелер) күндері болып саналмайтын күндер жұмыс күндері деп түсініледі.

5. Сессия Құрылтай отырысында ашылады жəне жабылады.

Құрылтай сессиясын, əдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады, ал ол болмаған кезде Құрылтай Төрағасы ашады.

6. Құрылтайдың кезекті сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мəселелер ғана қаралуы мүмкін.

 

10-бап. Құрылтай отырыстары

1. Құрылтай отырысын Құрылтай Төрағасы шақырады.

2. Құрылтай отырысы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.

3. Құрылтай отырысы ашық түрде өтеді. Құрылтай Регламентінде көзделген жағдайда отырыс жабық түрде өткізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің жəне Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігі Басшысының Құрылтайдың кез келген ашық, сондай-ақ жабық отырыстарына қатысуға жəне сөз сөйлеуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік органдардың жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдарының отырысқа қатысу қажеттілігі туралы Құрылтай шешімі қабылданса, олар Құрылтайға келуге жəне өздерінің құзыретіне кіретін мəселелер бойынша қажетті түсінік беруге міндетті. Құрылтайдың Қазақстан Республикасының Президентіне жəне Вице-Президентіне қатысты осындай шешім қабылдауға құқығы жоқ.

 

11-бап. Құрылтай Төрағасы

1. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады.

Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

2. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.

Құрылтай Төрағасын атқаратын лауазымынан босату туралы мəселені Қазақстан Республикасы Президентінің Құрылтай Төрағасына ұсынуы негізінде не Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша не Құрылтай Төрағасының жеке өтініші негізінде Құрылтай қарайды.

3. Құрылтай Төрағасы:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай сессиясын ашады;

2) Құрылтай отырысын шақырады жəне оған төрағалық етеді;

3) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мəселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;

4) Құрылтай Төрағасының орынбасарларын лауазымға сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;

5) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;

6) Құрылтай Бюросының қызметіне басшылық етеді;

7) Құрылтай шығаратын актілерге қол қояды;

8) өзіне осы Конституциялық заңмен жəне Құрылтай Регламентімен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.

4. Құрылтайда дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда Құрылтай Төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

5. Құрылтай Төрағасының үш орынбасары болады, оларды Құрылтай Төрағасының ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай сайлайды.

Құрылтай Төрағасының орынбасарлары Құрылтай Төрағасының уəкілеттік беруімен оның жекелеген функцияларын орындайды, сондай-ақ Құрылтай Төрағасы орнында болмаған немесе өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін емес жағдайда оның міндеттерін атқарады. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасының ұсынысы бойынша Құрылтай Төрағасының орынбасарлары лауазымынан кері шақырып алынуы мүмкін.

6. Құрылтай Төрағасы өз құзыретіндегі мəселелер бойынша өкім шығарады.

 

12-бап. Құрылтайдың үйлестіру органы

1. Құрылтайдың үйлестіру органы - Құрылтай Төрағасының жанынан құрылатын Құрылтай Бюросы.

2. Құрылтай Бюросының құрамына Құрылтай Төрағасының орынбасарлары, тұрақты комитеттердің төрағалары, Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларының жетекшілері кіреді.

3. Құрылтай Бюросы:

1) Құрылтайдың тұрақты комитеттері мен комиссияларының жұмысын үйлестіреді;

2) Құрылтай үшін Құрылтай отырыстарында мəселелерді қараудың кезектілігі жөнінде ұсыныстар дайындайды;

3) бірнеше комитеттің құзыретіне жататын мəселелер бойынша тұрақты комитеттердің бірлескен жұмысын ұйымдастыруға жəрдем көрсетеді;

4) осы Конституциялық заңмен жəне Құрылтай Регламентімен Құрылтайдың басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған Құрылтай жұмысын ұйымдастырудың өзге де мəселелерін шешеді.

4. Құрылтай Төрағасы Құрылтай Бюросының отырыстарын қажеттілігіне қарай шақырады жəне олар Бюро мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болады.

5. Құрылтай Бюросының өкілеттігі, қызмет тəртібі осы Конституциялық заңда жəне Құрылтай Регламентінде айқындалады.

6. Құрылтай Бюросы өз құзыретіндегі мəселелер бойынша қаулы шығарады.

 

13-бап. Құрылтайдың жұмыс органдары

1. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар - Құрылтайдың жұмыс органдары.

2. Тұрақты комитеттер заң жобалау жұмысын жүргізу, Құрылтайдың құзыретіне жататын мəселелерді алдын ала қарау жəне дайындау үшін құрылады.

3. Комиссиялар Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда құрылады.

4. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкілеттіктері, қызмет тəртібі осы Конституциялық заңда жəне Құрылтай Регламентінде айқындалады.

5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мəселелер бойынша қаулы шығарады.

Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың қаулылары олардың мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

 

14-бап. Құрылтай жанындағы консультативтік-кеңесші органдар

1. Құрылтайдың құзыретіне жатқызылған мəселелер бойынша ұсыныстар əзірлеу үшін оның жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.

2. Консультативтік-кеңесші органдарды құру тəртібі Құрылтай Регламентінде айқындалады.

3. Консультативтік-кеңесші органдардың шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

 

15-бап. Құрылтай өткізетін тыңдау

1. Құрылтай өз құзыретіндегі мəселелер бойынша тыңдау өткізеді.

2. Тыңдау Құрылтай Бюросының шешімі бойынша өткізіледі, ол тыңдау өткізуді дайындауға жауапты бас комитетті (комитеттерді) айқындайды.

Тыңдау ашық жəне жабық түрде өткізілуі мүмкін.

3. Тыңдау Құрылтай отырыстары кезінде өткізілмейді.

4. Құрылтайдағы оппозиция Құрылтай Регламентінде көзделген тəртіппен бір сессия ішінде кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы.

5. Тыңдау өткізу тəртібі Құрылтай Регламентінде белгіленеді.

 

16-бап. Үкімет сағаты

1. Құрылтайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретіне кіретін мəселелер бойынша үкімет сағаты өткізілуі мүмкін.

2. Үкімет сағатын Құрылтай Бюросының шешімі бойынша тұрақты комитеттер өткізеді əрі ол ашық жəне жабық түрде өткізілуі мүмкін.

3. Үкімет сағатының күн тəртібіндегі мəселелерді Құрылтай Бюросы Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің ұсынысы бойынша айқындайды.

Құрылтайдағы оппозиция бір сессия ішінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тəртібін айқындауға құқылы.

4. Үкімет сағаты Құрылтай отырыстары кезінде өткізілмейді.

5. Үкімет сағатын өткізу тəртібі Құрылтай Регламентінде белгіленеді.

 

 

3-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ АКТІЛЕРІ

 

17-бап. Құрылтай актілері

1. Құрылтай Қазақстан Республикасының Конституциясына сəйкес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды, оның ішінде конституциялық заңдарды қабылдайды.

Құрылтай өз құзыретіндегі өзге де мəселелер бойынша қаулы шығарады.

2. Заңдар мен Құрылтай қаулыларының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші болады.

3. Заңдар мен Құрылтай қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге тиіс. Құрылтайдың қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.

4. Құрылтай өз құзыретіндегі мəселелер бойынша заңнамалық сипаты жоқ өтініштер, декларациялар мен мəлімдемелер қабылдауға құқылы. Оларды қабылдау тəртібі Құрылтай Регламентінде белгіленеді.

 

18-бап. Құрылтай Регламенті

1. Құрылтай Регламенті:

1) Құрылтайдың қызметін ұйымдастыруды;

2) Құрылтайдың үйлестіру, жұмыс жəне консультативтік-кеңесші органдарының қызметін қалыптастыру жəне ұйымдастыру тəртібін;

3) Құрылтайда депутаттық бірлестіктерді, оның ішінде саяси партиялардың фракцияларын, сондай-ақ Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияны құру жəне олардың қызметін ұйымдастыру тəртібін;

4) Құрылтай отырыстарын өткізу шарттары мен тəртібін;

5) тыңдауды жəне үкімет сағатын өткізу тəртібін;

6) заң шығару бастамасы құқығын іске асыру тəртібін;

7) Құрылтайдағы заң шығару процесінің қағидаларын жəне Құрылтайдың жұмыс органдарында заң жобаларын талқылау тəртібін;

8) Құрылтай депутаттары мен лауазымды адамдарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыру тəртібін белгілейді.

2. Құрылтай Регламенті Құрылтай қаулысымен бекітіледі.

3. Құрылтай депутаттарының Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыруды мақсат етіп, Құрылтай Регламентін сақтамай өткізетін кез келген жиналысы заңсыз болады. Мұндай жиналыс қабылдаған актілер жарамсыз болады.

 

 

4-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ЗАҢ ШЫҒАРУ ПРОЦЕСІ

 

19-бап. Заң шығаруға бастама жасау

1. Заң шығаруға бастама жасау құқығы субъектісінің Құрылтай қарауға міндетті болатын заң жобасының мəтінін ресми түрде енгізуі заң шығаруға бастама жасау болып саналады.

2. Заң шығаруға бастама жасау құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады жəне ол:

1) заң жобасын арнаулы жолдау арқылы енгізетін Қазақстан Республикасының Президентіне;

2) заң жобасын ұсыну арқылы енгізетін Құрылтай депутаттарына;

3) заң жобасын қаулы арқылы енгізетін Үкіметке;

4) заң жобасын шешім арқылы енгізетін Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі.

3. Құрылтайға енгізілген заң жобалары Құрылтай Бюросының қаулысымен тиісті комитеттерге қарау үшін жіберіледі жəне осы заң жобалары бойынша Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің қорытындылары болған кезде ғана олар Құрылтай отырысында қаралуы мүмкін.

4. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.

5. Заң шығаруға бастама жасау құқығын іске асыру тəртібіне байланысты жəне осы Конституциялық заңда реттелмеген мəселелер Құрылтай Регламенті арқылы шешіледі.

 

20-бап. Құрылтайдың заң қабылдау жөніндегі құзыреті

Құрылтай:

1) жеке жəне заңды тұлғалардың құқық субъектісі болуына, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке жəне заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;

2) меншік режиміне жəне өзге де заттық құқықтарға;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың жəне олардың қызметінің, мемлекеттік жəне əскери қызметтің негіздеріне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;

5) республикалық бюджетке, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық жəне өзге де көмек көрсету мəселелеріне;

6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мəселелеріне;

7) рақымшылық жасау мəселелеріне;

8) білімге, ғылымға, мəдениетке, денсаулық сақтауға жəне əлеуметтік қамсыздандыруға;

9) кəсіпорындарды жəне олардың мүлкін жекешелендіруге;

10) қоршаған ортаны қорғауға;

11) Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысына;

12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздеріне;

14) халықаралық шарттарды ратификациялауға жəне денонсациялауға;

15) мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға;

16) Қазақстан Республикасының Конституциясына сəйкес өзге де мəселелерге қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заң шығаруға құқылы.

 

21-бап. Құрылтайдың заң жобаларын қарауының кезектілігі мен мерзімдері

1. Құрылтайдың заң жобаларын қарауының кезектілігі мен мерзімдерін Құрылтай Бюросы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

Добавить в список основных источников в Google

Документ не введен в действие
Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Обратная связь

Уважаемый пользователь! Мы стремимся постоянно улучшать качество наших услуг. Пожалуйста, поделитесь своими предложениями — Ваше участие поможет нам стать ещё удобнее и эффективнее для Вас!