«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара
қызметінің мәселелері»
Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 282 Жарлығы
(2000.06.07. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 9 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды жетілдіру мақсатында қаулы етемін:
1. Мыналар бекітілсін:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ереже (1-қосымша);
2) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар (2-қосымша).
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі ай мерзімде Мемлекеттік шекараны қалыптастыру мен жайластырудың, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін құру мен дамытудың 2000-2003 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Ә. Назарбаев
1-қосымша
Қазақстан Республикасы
Президентінің 1999 жылғы
10 желтоқсандағы № 282
Жарлығымен
бекітілді
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Шекара қызметі туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі - Шекара қызметі) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы болып табылады.
2. Шекара қызметі өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік және құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады (бұдан әрі - Ереже).